Freedom Inside '26

Мәжілісмендер киберқылмысқа қатысты құқық қорғау органдарынан реакция талап етті

Мәжілісмендер киберқылмысқа қатысты құқық қорғау органдарынан реакция талап етті
shutterstock.com

Мәжіліс депутаттары Қазақстанда кибералаяқтықпен күресті күшейтуді талап етті. Халық қалаулылары Бас прокуратураға, ІІМ-ге, Ұлттық банкке және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттарға Қарағандының 232 тұрғыны – негізінен зейнеткерлер мен әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар жүгінген. Олар алаяқтардың құрбаны болып, атына несие рәсімделгенін айтқан.

Жәбірленушілердің сөзінше, банктер несие рәсімдеу кезінде идентификация ережелерін өрескел бұзған: биометрия жазбаша келісімсіз жүргізілген, табыс деңгейі жасанды түрде өсіріліп көрсетілген, бірден бірнеше банктен несие алу үшін жалған ақпарат енгізілген. Сондай-ақ келісімшарттарда жалған мекенжай мен телефондар көрсетілген.

"Екінші деңгейлі банктер «банктік құпия» деген иммунитетті пайдаланып, толық ақпаратты тергеушілерге де, адвокаттарға да, жәбірленушілердің өзіне де бермейді", – делінген депутаттық сауалда.

Депутаттар келтірген мысалдардың бірі – Қарағанды тұрғыны, 66 жастағы әйел. Ол 2001 жылдан бері психоневрологиялық есепте тұрса да, атына Halyk bank пен Home Bank-те 5 миллион теңгеден астам қарыз рәсімделген.

Тағы бір оқиға көпбалалы отбасының басынан өткен: ерлі-зайыптылардың бұрыннан бар несиелері бола тұра, алаяқтар олардың атына 18,6 миллион теңгеден астам жаңа несие рәсімдеген. Ал бас ми жарақаты диагнозымен 2-топ мүгедектігі бар азаматқа банк 832 мың теңге несие берген – электронды қолтаңбасыз және тіпті мобильді телефоны болмағанына қарамастан.