Мәжіліс депутаттары онлайн несиелерге тыйым салуды ұсынды

Кәмшат Тілеухан 02 қаз. 2024 19:07 1333

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Магеррам Магеррамов Қазақстанда киберқылмыс пен жеке мәліметтердің ұрлануы жылдан жылға артып келе жатқанын, одан зардап шегушілер қатары да өсіп жатқанын, алайда құзырлы органдар бұл ретте қауқарсыз екенін айтып, онлайн несиелерге тыйым салуды ұсынды, деп жазады Dalanews.kz.

Халық қалаулысының айтуынша, жеке мәліметтердің қайдан таралып жатқаны әлі күнге дейін анықталмағандықтан, қылмыскерлер жауапкершіліктен жалтарып, ал қарапайым халық алмаған несиені төлеп, иығына ауыр жүк артуда.

Өз сөзін растау үшін депутат статистиканы да сөйлетті:

  • несиемен байланысты алаяқтық бойынша 85 қылмыстық істің 47-сінде сотқа дейінгі тергеу шаралары тоқтатылды, ал 45 жағдайда құқық бұзушыны анықтау мүмкін болмады.
  • төлем карталарын пайдалану арқылы алаяқтыққа қатысты 813 қылмыстық іс бойынша 223 тергеу шаралары тоқтатылды, өйткені күдіктілерді табу мүмкін болмаған.
  • 218 жағдайда қылмыскерлер Қазақстаннан тыс жерлерде болған.

Магеррамов мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткіші өте төмен деңгейде қалып отырғанын баса атап өтті.

"Алмаған несиесін біздің азаматтар неге төлеуі керек",деген депутат алаяқтықтың осы түрінің одан әрі өркендеуіне жол бермеу үшін электронды несиелеуге тыйым салуды және банктер мен мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейтуді ұсынды.

Магеррамов онлайн несие беру қызметтерін тоқтату арқылы ғана алаяқтық әрекеттердің алдын алып, жәбірленушілер санын азайтуға болады деп есептейді. Бұл ұсыныс қазақстандықтардың алдап-арбауға түспеуі үшін қорғаныс тұрғысында жасалған қадам бола алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар