Мәжіліс депутаты Динара Наумова ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау бағытындағы жұмыстар туралы айтты. Оның сөзінше, бұл бағыттағы бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, алайда мәселенің ауқымы ұзақ мерзімді әрі кешенді тәсілді талап етеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, оның жұмысындағы басым бағыттардың бірі – мүгедектігі бар адамдар мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау.
«Заңнамалық бастамалар мен практикалық шаралар аясында қолжетімді ортаны қалыптастыру, реабилитациялық орталықтарды дамыту, мүгедектікті айқындау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік портал арқылы көрсетілетін қызметтер мен тауарлар сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер жүйесін жетілдіру, инватакси қызметін дамыту, инклюзивті білім беруді кеңейту мәселелері де тұрақты назарда", - дейді Динара Наумова.
Динара Наумова жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын, алайда бұл ұзақ мерзімді әрі күрделі процесс екенін еске салды.
"Қазіргі таңда ерекше балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасы қаралуда. Бұл бастама білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларын біріктіре отырып, отбасыларға жүйелі әрі үздіксіз қолдау көрсетуге бағытталған.
Ағымдағы жылы қаңтарда жаңа Құрылыс кодексі қабылданды. Оны әзірлеу барысында мен қолжетімді ортаны күшейтуге ерекше назар аудардым. Жаңа нормалар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының, жолдардың, тротуарлар мен өткелдердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді міндеттейді. Бұрынғы стандарттар формальды орындалса, кодексте нормалардың ресми бекітілуі бақылауды күшейтіп, олардың нақты іске асуына негіз қалайды", – деді депутат.
Осылайша, депутаттың пікірінше, инклюзивті қоғам қалыптастыру тек заңнамалық өзгерістермен шектелмейді. Бұл бағытта инфрақұрылымды бейімдеу, әлеуметтік қолдауды күшейту және қоғам көзқарасын өзгерту қатар жүруі тиіс.
