Мәдениетсіздіктің көрінісі: Алматыдағы жаңа музей бүлініп үлгерді

Ақтоты Жапатова 16 қыр. 2025 15:28

Алматыда жаңа ашылған музейдің алғашқы үш күнінде 14 мыңнан астам адам келген. Қала тұрғындары мен қонақтарының өнерге деген қызығушылығы жақсы болғанымен, өкінішке қарай, вандализмнің жиырмадан астам дерегі тіркелді. Белгісіз адамдар кейбір экспонаттарға зиян келтіріп, қабырғаларды бүлдірген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Әрбір экспонат – қазақстандықтардың ортақ мәдени әрі тарихи мұрасы, ол келер ұрпаққа сол қалпында жетуі тиіс. Реставраторларымыз қалыпқа келтіру жұмыстарына кірісіп кетті, біз экспонаттар мен ғимараттың бастапқы келбетін қайтару үшін бар күшімізді саламыз", - деді музей директоры Татьяна Ходжаева. 

Музей әкімшілігі келушілерге музей ережелерін қатаң сақтауды ескертті: экспонаттарға қол тигізбеу, арнайы белгіленген жерлерде ғана түсірілім жасау, кей залдарда фото-видео түсіруге тыйым салынғанын есте ұстау қажет. Жарқыл қолдану, коммерциялық мақсатта түсіру және арнайы құрал-жабдықтармен (штатив және т.б.) жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Ереже бұзушылар әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Еске салайық, бұл Алматыдағы бірінші жағдай емес. Бұған дейін жаңартылып жатқан Сайран көлінің маңайы қоқысқа толып, ресми ашылмай жатып ластанған еді. Демалуға келгендер арттарынан қоқысты жинамай кеткен.

Қоғам белсенділері мен қала тұрғындары мұндай әрекеттерді жауапсыздық пен мәдениетсіздіктің көрінісі деп бағалап отыр.

Журналист Сырым Итқұлов та осы жағдайға қатысты пікір білдірген болатын.

«Осындай адамдардың биліктен бірдеңе талап етуге ешқандай құқығы жоқ деп ойлаймын. Барлық мәселеге өзіміз кінәліміз, бәрін өз қолымызбен жасап жатырмыз», – деді ол.

Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін бейнекамера орнатып, тәртіп бұзғандарға айыппұл салуды ұсынуда.

Мамандардың айтуынша, қоғамның мәдени орындарға және ортақ кеңістікке деген көзқарасы өзгермейінше, қаладағы жаңа жобалардың құндылығын сақтау қиын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар