Мәдениет және ақпарат министрлігі КазТАГ агенттігіне көмек көрсетуі мүмкін

Қаракөз Амантай 11 жел. 2025 12:25

Мәдениет және ақпарат министрлігінің заңгерлері ҚазТАГ халықаралық ақпарат агенттігіне көмек көрсету мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Бұл туралы министрлік басшысы Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қазір біз КазТАГ-қа көмектесу жолдарын қарастыруға талдау жүргізіп жатырмыз. Атап айтқанда, “Баспасөз туралы” заңның 68-бабы бар, ол журналистің жауапкершілікке тартылмауына мүмкіндік береді (егер ол ресми органдар, депутаттар немесе тікелей эфирде зардап шеккен тараптың өкілдері айтқан мәліметтерді пайдаланған жағдайда). Сондықтан қазіргі кезде заңгерлер осы бапты зерттеп жатыр. Әрине, біз өз журналистерімізді қорғау үшін күресетін боламыз”, – деді Балаева.

Сонымен қатар ведомство парламентке әдейі жалған ақпарат туралы бапты декриминализациялау жөнінде түзетулерді енгізуді жоспарлап отырғанын қосты.

Айта кетейік, қысқа уақыт ішінде екі ірі ақпарат құралы – ҚазТАГ ХАА (халықаралық ақпарат агенттігі) мен Orda.kz – Қылмыстық кодекстің 274-бабы "көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша қозғалған істердің фигуранттары болды. Бұл екі жағдай да сөз бостандығының шекарасы мен жарияланған мәлімет үшін БАҚ-тың жауапкершілігі туралы жаңа пікірталас тудырды.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аталған сот процестеріне қатысты пікір білдіріп, сөз бостандығы мен журналистер құқығы мемлекет назарында екенін мәлімдеген еді.

“Бүгінде Қазақстанның медиа кеңістігінде бірнеше сот процесі өтуіне байланысты талқы жүріп жатыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл процестерді, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ-қа қатысты істерді ерекше назарда ұстап отыр”, — деді ол.

Аида Балаева сөз бостандығының сақталуы мен ақпарат тарататын ұйымдардың заң аясында жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, кәсіби журналистика адалдыққа, объективтілікке және тексерілген деректің нақтылығына сүйенуі тиіс.

“Мұндай жағдайлар әрдайым медиа қауымдастықты алаңдатады. Себебі бұл сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет секілді аса маңызды мәселелерге тікелей қатысты.

Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс. Ал егер тараптар арасындағы қатынастар құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін.

Қалай болғанда да, біз кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін әрдайым талап етіп келеміз”, — деп қосты ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар