Экономист Мақсат Халық Үкіметтің экономикалық бағытына қатысты өз көзқарасын білдіріп, ел Үкіметін басқаруға кәсіби экономист келуі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, Үкімет басшысы қай экономикалық мектепке сүйенетінін, қандай ұстанымды басшылыққа алатынын ашық жарияламайынша, қабылданатын шешімдердің логикасы мен бағыты түсініксіз болып қала береді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Мақсат Халықтың айтуынша, қазіргі таңда Үкімет басшысы өзін нақты қай экономикалық бағыттың өкілі екенін жария етпеген. Бұл жағдай экономикалық саясаттағы жүйелілік пен сенімге кері әсер етеді.
Экономист Президенттің ел экономикасын ырықтандыру, нарықтық және либералды экономиканы дамыту жөнінде нақты бағдар бергенін еске салды. Алайда Үкіметтің бюджет және қаржы саясатына қатысты қабылдап отырған шешімдері, оның ішінде бизнеске түсетін қысымның артуы мен салық жүктемесінің көбеюі, либералды экономиканың негізгі қағидаттарына сай келмейді.
«Үкімет қандай экономикалық бағытты ұстанатынын ашық айтпайынша, экономикалық саясатта айқындық болмайды. Ал айқындық жоқ жерде сенім де, жүйелілік те қалыптаспайды», – дейді ол.
Сонымен қатар Мақсат Халық экономикалық өсімді тек статистикалық көрсеткіштермен өлшеу қате екенін атап өтті. Оның айтуынша, егер экономикалық өсім халықтың табысы мен тұрмыс сапасының жақсаруына әсер етпесе, ондай өсімнің нақты пайдасы жоқ.
«Экономика өсіп жатыр деген сандар халықтың өміріне әсер етпесе, ол тек сыртқы көрініс болып қалады. Мысалы, салық мөлшерлемесі 6,5 пайызға өссе, соған сәйкес жалақы мен әлеуметтік төлемдер де артуы керек», – деді экономист.
Мақсат Халық Үкімет құрамындағы экономистерді, оның ішінде Серік Жұманғаринді ашық пікірталасқа шақырды. Оның сөзінше, бұл шақыру жеке басын көрсету үшін емес, кәсіби деңгейде саяси-экономикалық ой алуандығын қалыптастыру мақсатында жасалып отыр.
«Егер мен емес, басқа тәуелсіз экономистермен ашық пікірсайыс ұйымдастырылса да қарсы емеспін. Бізге жай талқылау емес, нақты баламалы экономикалық ойлар қажет. Сонда ғана халық мүддесіне сай, тиімді әрі ұзақ мерзімді экономикалық бағдарлама жасауға мүмкіндік туады», – деді ол.
Экономистің пайымдауынша, ел экономикасының бағыты ашық әрі түсінікті болғанда ғана қоғамда сенім артып, қабылданатын шешімдердің сапасы жақсарады.
