Атырау облысындағы Жангелдин трагедиясына қатысты сот процесі шешуші кезеңге жақындады. Бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша тараптардың сөзі тыңдалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы журналист Жанат Молдашова Instagram парақшасында жазды. Оның айтуынша, сот отырысы кезінде жәбірленуші тарап сөйлеген сәтте айыпталушының әрекеті көпшіліктің назарын аударған.
"Жәбірленуші сөйлегенде Сәрсемәлиев мәз болды", – деп жазды журналист.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, ағасы мен қарындасын өлтірді деп айыпталуда. Қайғылы оқиға 2025 жылдың соңында Атырау облысындағы Жангелдин ауылында болған.
Бұған дейін сот жарыссөзі кезінде мемлекеттік айыптаушы Сәрсемалиевті бірнеше бап бойынша кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Прокурор жазаны төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді ұсынды.
Айыпталушыға екі немесе одан да көп адамды өлтіру, аса қатыгездікпен кісі өлтіру, пайдакүнемдік ниетпен жасалған қылмыс, сондай-ақ ұрлық, алаяқтық, мал ұрлығы және құжаттарды заңсыз иелену баптары бойынша айып тағылған.