Лодочников халыққа көмек көрсету үшін “ақша жинайтын” блогерлердің шынайылығына күмән келтіреді

Қаракөз Амантай 10 сәу. 2024 18:50 2286

Белгілі қазақтілді блогер Алексей Лодочников су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін халықтан "ақша жинайтын" қазақстандық блогерлердің шынайылығына күмән келтіреді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қазіргі уақытта еліміздің көптеген өңірі мен қаласында су тасқыны болып жатыр. Осыған байланысты әрбір екінші блогер “сбор” ашады. Кеше ғана осы блогерлердің барлығы жиналып, видео түсіріп, “Қиын-қыстау қилы заманда” әнін қойып, “осындай қысылтаяң мезгілде бір-бірімізге көмектесейік, осыған байланысты ақша жинауды бастаймыз” дейді.

Неліктен бұл “сборлар” ашылады, мен осыны түсінбеймін. Үкімет бәрін жасайды, Тоқаевтың өзі “біз бәріне көмектесеміз, бәріне үй саламыз, шығындардың бәрін өтейміз және т.б.” деді. Елдің көптеген ірі кәсіпорны миллиардтаған ақша бөледі. BI Group үйлерді саламыз дейді. Менің ойымша, бұл - жеткілікті, - деді Лодочкинов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол блогерлерге елден ақша жинамай, өз қаражаттарын аударуды ұсынды.

“Блогерлер кедей адамдар емес деп айта аламын. Егер сіз олардың Instagram парақшаларын көрсеңіз, онда кейбіреулерінде бес көліктен бар, ал енді бірі кейде миллиондаған және миллиардтаған ақша табатынымен мақтанады. Оның орнына, барлық блогер, өзара ақша жинап, “бұл барлық блогердің атынан халыққа көмек болсын” деп айтыңыз, сонда дұрыс болады”, - деді Лодочников.

Сондай-ақ Алексей жиналған ақшаның есебі туралы пікір білдірді.

“Бір кездері сіздердің барлығыңыз, блогерлер, гив арқылы ақша жинадыңыздар. Оның есебі де жоқ, ештеңе жоқ. Олар: “біз 5 миллион, 10 миллион теңге жинадық» дейді. Бірақ олардың қанша жинағанын ешкім білмейді. Бұлай болмайды! Бізде “Қазақ халқына”, “Біз біргеміз” қорлары бар. Менің ойымша, бұл көмек үшін жеткілікті. Жалпы, мұндай жылу жинау дегенді қою керек, бұған Үкімет те әбден үйреніп қалған, егер бірдеңе болса, онда халықтың өзі бір-біріне көмектеседі деп. Бұл менің - жеке пікірім”, - деп қорытындылады Лодочников.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар