Алайда, «Лаврентьевтің артында «Северсталь» тұр» деген жалған мәлімет те таралып үлгерді. Бұл қауесетті шығарып, оған қарсы ақпараттық соғыс жариялаған бизнес өкілдерінің де аты-жөні белгілі.
Айта кету керек, Митталмен келіссөз ұзақ уақытқа созылды. Өйткені, әу бастан британдық алпауыт активтер үшін 3,5 миллиард доллар сұраған. Қазіргі уақытта мәміле қорытындысы келесідей көрініс тапты.
Лаврентьев актив үшін 286 миллион доллар төлесе, тағы оған қосымша 250 миллион доллар Митталдың қарызын жабады. Мұнымен қоса мердігерлер алдындағы берешек те өтеледі деп күтілуде.
Нәтижесінде келісімшарттың транзакция сомасы 3,5 миллиард доллардан 286 миллион долларға дейін қысқарды.
Бірақ Лаврентьев мәмілеге ешбір «көкені» немесе ресейліктерді тартпағаны мәлім. Оның өз бетімен тапқан қаражаты болашақта ешқандай санкциялық тәуекелге ілікпейтіні де айтылды. Сондай-ақ, кәсіпкер жаңа компанияның активтері орналасқан қалалардағы әлеуметтік нысандарға инвестиция салуға уәде беріп отыр.
Бір қызығы, бәзбір инсайдерлер транзакция сомасының 3,5 миллиард доллардан 286 миллион долларға дейін төмендеуін Митталға тікелей төленетін төлеммен түсіндіреді. 3,5 млрд доллар қайдан шықты десеңіз, Назарбаев алғашқыда өзінің көлеңкелі активтерін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін «серіктесіне» қысым жасап, бағаны төмендетпеуді талап еткен.
Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары марқұм Рахат Әлиевтің кітабындағы: "Назарбаев Митталмен келісім аясында Теміртаудағы зауыттың 50 пайыз акциясы мен 50 млн долларға ие болды. Кәсіпорын үнді олигархына су тегінге келді..." деген үзіндісін таратқан.
Инфляцияны есепке алар болсақ, Миттал сонау 1995 жылы активті сатып алуға жұмсаған қаржысын ғана кері қайтарды, оған одан артық "үлес" берілген жоқ. Бұл жерде ұтылып отырған бір адам бар. Ол бүгінде Қарағанды кәсіпорындар тобына еш қатысы жоқ экс-президент қана.
Ал жаңа инвестор Лаврентьев 286 миллион доллардан басқа ArcelorMittal бас компаниясына екі несие төлейді: 250 миллион доллар көлемінде қысқа мерзімді несие және 4 жылдан астам уақыт өтейтін 450 миллион доллар көлеміндегі ұзақ мерзімді несие.
Бұдан бөлек, QARMET-ті жаңғыртуға 3 миллиард доллар инвестициялауы керек, сонымен қатар штат деңгейін ұстап тұру және барлық ағымдағы міндеттемелерді орындауды міндетіне алды. Бір сөзбен айтқанда, автомагнат тәуекелге бел буып, орасан зор жауапкершілікті мойнына жүктеп отыр.