"Киевтің кебін киесіңдер...". Мәскеу Ташкентке сес көрсетті

Көркем Алдабергенова 01 қаз. 2024 11:19 13566

Өзбекстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсті, - деп жазады Dalanews.kz.

Екі ел арасындағы дипломатиялық дауға себеп болған оқиға Ташкенттегі №188 мектепте орын алған, мұнда Ресейден келген оқушы мұғалімнен орыс тілінде сабақ беруін сұраған. Алайда бұл өтініш өзбек мұғаліміне ұнамаған сыңайлы, ол оқушыны шапалақпен тартып жіберген.

Өзбек ақпарат құралдары таратқан мәлімет бойынша мұғалім бір аптаға қамауға алынған. Алайда ресейлік пропаганда оған әлгі оқиғаның қатысы жоғын, ұстаздың қамалуына оның мектеп директорының орынбасарымен төбелесі түрткі болғанын айтады.

Оқиғаға байланысты Ресей Сыртқы істер министрлігі өз наразылығын білдіріп, Өзбекстаннан түсінік беруді талап етуде. Кремль идеологтарының нұсқауымен жұмыс істейтін ресейлік саясаткерлер де жапатармағай жамырай жөнелді. Федерация кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Климов Өзбекстанды "Украина тағдыры күтіп тұр" деп қоқан-лоқы көрсетті.

Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова әлеуметтік желіде бейнежазбаға алаңдаушылық білдірді. «Біз бұл жағдайға қатысты өзбек тарапынан ресми түсініктеме сұрадық», — деп атап өтті Захарова. «Ташкент тарапына бұл материалға құқықтық баға беруді және расталған жағдайда балаға қатыгездік көрсеткен кінәлілерге шара қолдануды ұсынамыз. Бұл мәселе біздің ерекше назарымызда», — деді ол.

Өз кезегінде Өзбекстандағы «Миллий тикланиш» (Ұлттық жаңғыру) партиясының жетекшісі және парламенттің төменгі палатасының вице-спикері Әлішер Қадыров Telegram-да: «Мәскеуге біздің ішкі мәселелерімізді шешкеннен гөрі, өздерінің проблемаларына назар аударғаны дұрыс болар еді. Өзбекстандағы мектепте өзбек баласының құқығының бұзылуы өзбек заңдарына сәйкес тергеледі», — деп мәлімдеді.

Қадыровтың Ресейге қарсы сыны – аймақтағы өзгерістердің нышаны. Оның Ресейдің сыртқы істеріне араласпауы қажеттігін ашық айтуы, Ташкенттің Мәскеуге толық бағынышты емес екенін көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, "Ташкентті Киевтің тағдыры күтіп тұр" деген Кремльдің мәлімдемесі Орта Азия елдері үшін таңсық емес.

"Аштықты геноцид деп танығысы келген Молдавияны, кеңестік кезеңнің көше атауларын өзгерткен Қырғызстанды дәл осындай риторикамен қорқытқан еді. Қазақстан тұрғындарының да мұндайға еті үйреніп кеткен. Енді Өзбекстанға да кезек келгендей. Ресейдің бұл әрекеттері Орта Азиядағы постсоветтік елдермен қарым-қатынаста қысымды күшейтіп жатқанын айғақтайды. Аймақта Кремль агрессиясына қарсылық бірте-бірте күшейіп, ұлттық мүддені қорғауға деген ұмтылыс байқалады. Мұндай үрдіс Ресейдің алдағы уақытта аймақтағы доминант рөлін сақтап қалуына үлкен кедергі болады", - дейді олар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар