Күн сайын 48 қытай азаматы қазақ жерiне табан тiрейдi

Dalanews 27 қыр. 2016 16:19 702

Кейде елеусiздеу айтылған ресми дерек­тердiң өзi төбе құйқаңды шымыр еткiзе­дi. Мәселен, жуырда ғана Астанада босқындарды қорғау және халықаралық көшi-қон жөнiндегi Алматы процесiнiң жоғары лауазымды қызметкерлерiнiң үшiншi кездесуi өттi. Осы жиында 2016 жылдың 8 айы iшiнде Қазақстанға келген еңбек мигранттарына қатысты есеп-қисап айтылды. Ондағы деректерге үңiлсеңiз, аза бойыңыз қаза болады, орта есеппен алғанда тәулiк сайын елу шақты қытай азаматы шекарадан берi өтедi екен.

Аталған жиынға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму вице-министрi Светлана Жақыпова, Орта Азия бойынша Көшi-қон жөнiндегi халықаралық ұйымның аймақтық үйлестiрушiсi Деян Кесерович, БҰҰ-ның Орта Азия бойынша босқындар iстерi жөнiндегi Жоғарғы комиссар басқармасының аймақтық өкiлi Бернард Дойл, Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасы тұрақты өкiлiнiң орынбасары Мунхтуя Алтангерел, ҚР және Орталық Азиядағы көшi-қон саясаты саласындағы мемле­кеттiк органдардың, сондай-ақ, халықаралық және үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерi қатысыпты.

Жиынның мақсаты – Орталық Азия елдерiнiң еңбек көшi-қоны саласындағы жа­ңа беталыстарын сараптау мен өзара тәжiрибе алмасу, көшi-қон заңнамасындағы олқылықтарды анықтап, ортақ ұсынымдар жасау екен. Отырыста тұрғындардың тұтастығын қамтамасыз ету, босқындардың құқықтарын жүзеге асыру мен халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, аталған саладағы аймақтық ынтымақтастықтың мүмкiндiктерiн талқылау қарастырылғанға ұқсайды.
Сонымен, деректер не дейдi? Көшi-қон жөнiндегi халықаралық ұйымның мәлiметiнше, әлемдегi әрбiр же­тiншi адам – босқын. Ал 2040 жылы әлемдегi босқындар саны 400 миллионға көбеюi ықтимал. Мұндай сапырылыстан Орталық Азия елдерi де шет қалмайтынға ұқсайды. Денсаулық сақтау және әлеу­меттiк даму вице-министрi Светлана Жақыпованың айтуынша, Орталық Азия тұрғындарының да жөңкiлгiштiгi арта түседi-мыс.

Жөңкiлу дегеннен шығады, қазақ шекарасынан берi өтiп жатқан еңбек мигранттарына зер салсаңыз, “ең мобильдi” гастарбайтерлер – қытайлықтар екенiн бай­қайсыз. Қаңтар мен тамыз аралығындағы 8 ай iшiнде 11 мың 641 Қытай азаматы қазақ жерiне аяқ басқан. Бұл – бүкiл Еуразиялық одақ елдерiнен келiп жатқан еңбек мигранттарына жетеғабыл адам.
 “2016 жылдың 8 айында Қазақстанға жұмысқа тұру мақсатында 12 мың 963 адам (2015 жылы 16 мың 349), ЕАЭҚ қатысушы елдерiнен, оның iшiнде Ресей азаматтары – 9 мың 388 адам (2015 жылы – 12 мың 529), Кырғызстаннан – 1 мың 496 адам (2015 жылы — 1 мың 138), Беларусь елiнен – 394 адам (2015 жылы — 608) және Армениядан – 1 мың 685 адам (2015 жылы — 2 мың 074) кел­дi”, — дейдi Светлана Жақыпова.

Вице-министр атаған осы деректен өткен жылға қарағанда ТМД елдерiнен келетiн еңбек мигранттарының саны азая бастағанын аңдау қиын емес. Азаю себебi неде? Оны экономикалық дағдарыстан iздеген орынды. Қазiр баяғыдай кеуде қағатын заман емес. Мұнай бағасы құлдырағанда “дамудың даңғыл жолына түскен” Қазақстан тәспiсiнен жаңылған шала молдадай iркiлдi. Көптеген кәсiпорындар жабылды. Жұмыс орындары қысқарып жатыр. Мұндай жағдайда шеттен келген еңбек мигранты Қазақстаннан не жейдi? Демек, ТМД елдерiнен берi ағылатын жұмыс күшiнiң азаюы табиғи құбылыс.
Ал Қытайдан берi жылжыған нөпiр жөнiнде не айтуға болады? Айналдырған 8 ай iшiнде 11 мың 641 Қытай азаматы шекарадан өткен. Бұл көп пе, аз ба? Мұны бiлу үшiн 11 мың 641 адамды 8 айға бөлiп көрiңiзшi – 1455-тен келедi. Яғни, 1,5 мыңға жуық адам. Оны 30 күнге шақсаңыз, әр күн сайын 48 қытай азаматы берi өтiп жатыр деген сөз.

Қытайға жалға жер бермек бол­ған билiктiң мақсаты “жер құшып”, соңы мораторийге ұласқаны белгiлi. Бiрақ, көршi елдiң алдында қыруар қарызы бар Астананың көкейiнде не жатқаны әлi күмәндi. Президент соңғы сапарында құны 26 млрд. долларға бағаланған 51 кәсiпорын құру жөнiнде уағдаласып қайтты. Бұл жұмыстар қазiр басталып та кеткен. Алайда, бiз қазаққа жөнi түзу кәсiпорын құрып бермекке бекiнген Қытай мамандары жоғарыдағы тiзiмге енбедi-ау деп топшылаймыз. Өйткенi “жол көрсеткiш”, “жөн сiлтегiш”, “үйреткiш” Қытай мамандарын еңбек мигранттарының қатарына қалай жатқызуға болады? Ендеше, 51 кәсiпорынның машақатымен тағы қанша қытай берi өттi? Әлi қаншасы керек-жарағын түгендеп, арғы бетте тұр?

Жоғарыдағы есептi ары қарай тарқатып көрейiкшi, тәулiк сайын 48 қытай азаматы берi өтедi. Ендi осыны минутқа шақсаңыз, әр жарты сағат сайын – 1 қытай. Сiз осы мақаланы оқып, “бұл қалай болды, өзi?” деп ойланып үлгергенше қысық көз көршiңiздiң және бiр өкiлi алшаң басып шекарадан берi аттады. Бұл қауiп емес пе? Мұны қауiп емес деп кiм айта алады?!

Сансызбай НҰРБАБА

 

Дереккөзі: islam.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар