Бұған дейін бірқатар басылым Нұрсұлтан Назарбаев КТК телеарнасының акцияларын сатып алды деп хабарлаған болатын.
"Тұңғыш президенттің акцияларды сатып алғаны туралы ақпарат жаңсақ екенін мәлімдейміз", - делінген хабарламада.
КТК телеарнасы 2022 жылғы 14 наурызда өз акционерлері арасында бір данасы 500 теңге тұратын 2 622 850 жай акция орналастырған. Оның ішінде 2 396 156 акцияны КТК телеарнасының ірі акционері – "Нұрсұлтан Назарбаев қоры" жеке қоры сатып алған.
"Оқырман қауымды жаңылыстырмау үшін әріптестерімізден болашақта ресми ақпаратқа сүйенуді және популистік тақырыптардан аулақ болуын сұраймыз", - делінген мәлімдемеде.
Мұндай мәміле КТК телеарнасын жаңғырту және дамыту мақсатында жасалған.