Freedom Inside '26

Ксения Балабаева – рапидтен әлем чемпионы!

Ксения Балабаева – рапидтен әлем чемпионы!

Ксения Балабаева 2025 жылы 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен рапид бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетті. Турнир Перу астанасы Лимада өтіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz

19 жастағы алматылық шахматшы 9 турдан кейін 7 ұпай жинады. Жарыс швейцар жүйесі бойынша 15+10 уақыт бақылауымен (әр ойынға 15 минут және әр жүріске 10 секунд қосылады) өткізілді. Балабаева екі күннен кейін 5 ұпаймен көш бастап тұрған. Жарыстың соңғы күнін Ксения 47-ші жүрісте мат қойған Умида Омонованы жеңумен бастады. Кейін Анна Журова және Афруза Хамдамовамен сенімді тең ойнап, 1-ші орынды алдын ала қамтамасыз етті.

Ксения Балабаева – 2024 жылы Будапештте өткен шахмат олимпиадасында күміс алған Қазақстанның ересектер арасындағы әйелдер құрамасының мүшесі. Қазақстан намысын бұл чемпионатта сондай-ақ Лия Құрманғалиева мен Әмина Қайырбекова қорғады. Амина 6 ұпай жинап 7-ші орынға ие болса, Лия 5 ұпаймен 12-ші орында мәреге жетті.

2025 жылғы әлем чемпионаты (рапид, G20)

  1. WGM Ксения Балабаева (2287) – 7 ұпай;
  2. WIM Афруза Хамдамова (2384, Өзбекстан) – 6½;
  3. WFM Варвара Полякова (2065, FIDE) – 6½;
  4. WFM Анна Журова (2189, FIDE) – 6½;
  5. WIM Умида Омонова (2265, Өзбекстан) – 6;
  6. FM Фиорелла Контрерас Уаман (2152, Перу) – 6;
  7. WIM Әмина Қайырбекова (2259) – 6;
  8. IM Элине Рёберс (2409, Нидерланды) – 6;
  9. WGM Лия Құрманғалиева (2150) – 5.

Жігіттер арасында соңғы күннің алдында Өзбекстаннан шыққан үш шахматшы – гроссмейстер (GM) Мухиддин Мадаминов, халықаралық шеберлер (IM) Хумоюн Бегмуратов және Мухаммадзохид Суяров көш бастап тұрған. 16 жастағы Суяров рапид бойынша әлем чемпионы атанды.

2025 жылғы әлем чемпионаты (рапид, O20):

  1. IM Мухаммадзохид Суяров (2372, Өзбекстан) –7½ ұпай;
  2. GM Мухиддин Мадаминов (2458, Өзбекстан) – 7;
  3. GM Денис Лазавик (2579, Беларусь) – 7;
  4. IM Ликаэль Родерик Тикона Рокабадо (2367, Боливия) – 7;
  5. IM Аарав Денгла (2172, Үндістан) – 7.

26 қыркүйек – демалыс күні. 27–28 қыркүйекте блиц бойынша (3+2 форматы: партияға 3 минут және әр жүріске 2 секунд қосылады) 9 тур швейцар жүйесімен өтеді.

Еске салайық, 2024 жылы тамыз айында Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен жасөспірімдер арасындағы (U20) рапид пен блицтен әлем чемпионатында рапид бойынша әлем чемпиондары Максим Царук (FIDE/Беларусь) пен Александра Тарасенко (FIDE/Беларусь) атанса, блицте Денис Лазавик (FIDE/Беларусь) пен Тарасенко жеңімпаз болды. Қазақстандық шахматшылар жүлдегерлер қатарына кірмеді.