Ресей Украинадағы соғысты тоқтату үшін НАТО 2008 жылы Бухарестегі саммитте Киевке берген уәдесінен бас тартуы керек деп мәлімдеді. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 20 ақпанда Мәскеуде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Захарованың айтуынша, Украинаның НАТО-ға мүше болуы Мәскеу үшін «қабылдауға келмейтін» жағдай.
«Украинаның НАТО-ға мүшелігі біз үшін мүлде қолайсыз. Бұл Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді және бүкіл Еуропа үшін апатты салдарға әкеледі. Қазіргі кезде Киевті альянсқа қабылдамау жеткіліксіз. НАТО Бухарестте 2008 жылы Украинаға болашақта Солтүстік Атлантикалық блокқа қосылатынына берген уәдесін ресми түрде жоққа шығаруы керек. Әйтпесе, бұл мәселе Еуропадағы жағдайды ушықтыра береді», - деді Захарова.
Ресей Украинаға батыс әскерін кіргізуге қарсы.
Захарова сондай-ақ Ресейдің Украина аумағында батыс елдерінің әскери контингенттерін орналастыруына қарсы екенін атап өтті. Оның пікірінше, Украина үшін ең жақсы қауіпсіздік кепілі - бейтарап мәртебе, әскери блоктардан бас тарту және ядролық қаруға ұмтылмау.
«Бұл НАТО-ға мүшелік те, альянс елдерімен жасалған келісімдер де, немесе қандай да бір «бейбітшілік миссиясы» деген желеумен батыс әскери интервенциясы да Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды», - деді Захарова.
Бұл мәлімдеме Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өткен АҚШ пен Ресей өкілдерінің алғашқы ресми кездесуінде жасалды. Төрт сағатқа созылған келіссөздер барысында тараптар Владимир Путин мен Дональд Трамптың алдағы кездесуін ұйымдастыру, екіжақты қарым-қатынастарды дамыту және Украина мәселесінде «бір-бірінің мүдделерін ескеру» туралы уағдаластыққа қол жеткізген.
Еске салсақ, 2024 жылдың маусымында Владимир Путин Ресей Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен кездесуде соғысты тоқтатудың басты шарттарын атаған болатын. Оларға:
•Украинаның Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарынан әскерін толықтай шығаруы;
•Киевтің НАТО-ға мүшеліктен бас тартуы;
•Батыс елдерінің Ресейге қарсы барлық санкцияларын алып тастауы.
Сонымен қатар, The Washington Post басылымы сейсенбі күні таңертеңгі хабарламасында Ресей тарапы алдағы келіссөздерде жоғары лауазымды шенеуніктерге, ірі бизнес өкілдеріне және энергетика саласына қатысты кейбір санкциялардың жойылуын басымдықтардың бірі ретінде қоятынын жазды.