Кремль өкілі Ресейдегі су тасқынына Қазақстанды айыптады. Қазақстан қандай пікірде?

Сағыныш Сардарова 11 сәу. 2024 11:08 2522

Кеше БАҚ-та Ресей тарапы Қазақстанды өз аймақтарындағы су тасқыны үшін айыптады деген ақпарат тарады. Ресей Федерациясы президентінің Орал федералды округіндегі өкілі Владимир Якушев сұхбаттарының бірінде өңірдегі жағдай туралы айтып, бұл жайтқа Қазақстанның қандай әсері барын тілге тиек еткен болатын. Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілі осы мәлімдеге үн қатты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Владимир Якушев Ресей Қорған және Түмен облыстарындағы су тасқынының алдын алу үшін Қазақстан өзінің су қоймаларында суды "келісілген түрде жіберуі керек" деген пікір білдірді.

"Бізде осындай қыс болып, оның үстіне қар да жеткілікті мөлшерде жауған кезде, су қоймасында судың үлкен қоры жиналғанда, су қоймаларына су неғұрлым келісілген түрде, дұрыс әрі біркелкі келуі үшін әріптестерімізбен (Қазақстандағы - еск.) жұмыс істеу керек", - деді Якушев РБК телеарнасының эфирінде.

Оның айтуынша, осы мәселелер шешілген жағдайда бірнеше облыста су тасқынының алдын алуға болады. Әзірге Қорған "үлкен суға" дайындалып жатыр.

Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева осы ақпаратқа жауап берді.

"Владимир Якушевтің мәлімдемесіне қатысты. Тобыл өзенінің бойындағы су Ресейден келеді. Тиісінше су жіберу туралы шешім Ресей тарапынан келетін ағынға сай қабылданады.

Сондықтан Қазақстан Ресейдегі су тасқынына әсер етеді деп айту дұрыс емес. Бұл шындыққа жанаспайды. 2 сәуірден бастап Қазақстан жағы Ресей тарапына Тобыл өзені бойынша су өткізу жөніндегі шешімдер туралы ақпарат беріп отыр.

Тараптар тәулік бойы су ағынының ұлғаюына немесе азаюына қарай мәлімет алмасады. Сол себепті кез-келген келісілмеген әрекет туралы сөз жоқ. Қазақстандық тарап Ресей жағымен сыйластық, көршілік әріптестік рухында ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға, ақпарат алмасуға дайын", - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанның да бірқатар өңірінде су тасқыны мәселесі ушығып отыр. Ресми деректерде Атырау облысы Құлсары қаласында үш мыңға жуық үй суға кетті делінеді. Ал Батыс Қазақстан облысы Жайық өзенінің деңгейі көтерілуін қатаң бақылап отыр.

"Су Ресей Федерациясының тарапынан келеді, онда су тасқынына байланысты Ириклин су қоймасына жіберіліп жатыр. РФ тарапынан Ириклин су қоймасының суын ағызу біртіндеп азайып келеді. Ресей тарапының ақпараты бойынша Ирикла су қоймасына ағын жылдамдығы - 1 485 м3/сек", - деді Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы полковник Руслан Қасыбаев ОКҚ алаңында өткен брифингте бұған дейін.

Кейінгі деректерге сүйенсек, су тасқыны кезеңі басталғалы өңірде барлығы 12 970 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5 400-ге жуығы бала. 1155 тұрғын үй су астында қалды, оның 732-сіне тұрғындар қайтып келді.

Ал "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ өкілдері республикалық жолдарда 706 техника мен 1680 адам су тасқынының алдын алу бойынша жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, уақытша орналастыру пункттерінде 7 мыңнан аса адам бар деген деректер де бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар