Костенко шахтасындағы 46 кеншінің өлімі: бірнеше іс сотқа жолданды

Көркем Алдабергенова 17 ақп. 2025 16:46 1110

Бас прокуратура Костенко атындағы шахтадағы 46 кеншінің өліміне және 28 адамның жарақат алуына себеп болған апатқа байланысты қылмыстық істі тергеу аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов Х әлеуметтік желісінде жазды. 

"Бас прокуратураның арнайы прокурорларының басшылығымен ВЖТТ Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. 10 айыпталушыға қатысты іс тау-кен жұмыстарының қауіпсіздік ережелерін бұзу (ҚК 277-бабының 3-бөлігі) бойынша сотқа жолданды", дейді бас прокурор.

Еске салайық, 2023 жылдың 28 қазанында Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада метан газы жарылды. Қаза болған кеншілерге байланысты 29 қазан Қазақстанда жалпы ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған. Олардың 206-сы жер бетіне шыға алды, ал қалғандары қаза тапты.

46 кеншінің қазасына байланысты сотқа дейінгі тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары жүргізуде. Тергеу тобына ІІМ, ТЖМ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері де қатысуда.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар