Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын құттықтап, бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы марапаттау рәсімін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткізіп, спортшылар мен жаттықтырушыларды Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы нәтижелерімен құттықтады. Ол ұлттық құраманың шеберлігін жоғары бағалап, спортшылардың ұлттық спорт түрлеріндегі Қазақстанның беделін арттыруға қосқан үлесін атап өтті.
Президент жалпыкомандалық есептегі жеңістің бүкіл ел үшін мақтаныш болғанын айтты.
«100-ден астам елдің спортшыларымен бәсекеде көк байрағымызды биік көтеріп, халқымыздың лайықты өкілдері болдыңыздар. Ұлттық құрамамыз отандастарымыздың үмітін толық ақтады деп нық сеніммен айта аламын. Мемлекет басшысы ретінде бүкіл Қазақстанды жігерлендірген жеңістеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бүкіл халқымыз спортшыларымызға ыстық ықыласпен қолдау көрсетіп, сіздер үшін жанкүйер болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ойындардың қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль, оның ішінде 32 алтын медаль жеңіп алды.
«Бұл жетістік халқымыздың қайсар мінезін, рухының асқақтығын және жеңіске деген мызғымас жігерін айқын көрсетті. Спорттың ең маңызды миссияларының бірі – өзара құрмет пен қолдауды қалыптастыру, халықтар арасындағы достықты нығайту. Бұл ауқымды спорттық шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды және оның нәтижелері әділ болды. Осы орайда Қырғыз Республикасының Президентіне ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.
Мемлекет басшысы бүгінде бүкіл әлемнің назары түркі халықтарына ауып отырғанын айтып, көшпенділер ойындарын одан әрі дамыту және кеңінен насихаттау үшін күш біріктіруге шақырды.
«Қазақстан бұл ортақ іске өз үлесін қосуға әрдайым дайын. Ата-бабаларымыз екі бауырлас халыққа қалдырған ең қымбат мұра – өзара құрмет пен мәңгілік достық. Біз осы даналыққа негізделген өсиетті қастерлеуіміз керек. Біз Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагеріміз. Батыр бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр даланы аманат етті. Олар өздерінің дәстүрлері мен рухани құндылықтарын мұраға қалдырды. Осы асыл қазынаны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – ортақ міндетіміз. Бұл қасиетті миссияны ішкі қадір-қасиетімізді, биік мәдениетіміз бен әдептілігімізді сақтай отырып атқаруымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның болашаққа бағдарланған, алдына нақты мақсаттар мен міндеттер қойған мемлекет ретінде тұрақты дамуын жалғастырып келе жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, ұлттық спортпен айналысатын жастардан бастап спортшыларға, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлерге, дәрігерлер мен мұғалімдерге, студенттер мен ғалымдарға, жұмысшылар мен басшыларға, әскери қызметшілер мен түрлі органдардың қызметкерлеріне дейін барлығы жоғары мәдениет, сабырлылық пен ішкі байсалдылық танытуы керек.
«Бос сөз бен даңғойлықтан аулақ болғанымыз жөн. Нағыз прогрессивті қоғамды тек осылай құра аламыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұлттық спортты дамыту Үкімет пен әкімдіктердің маңызды міндеттерінің бірі екенін айтты.
«Қазір бұл салада 30-дан астам арнайы мекеме жұмыс істейді. Астанада Ұлттық спорт университеті ашылды. Бұл оқу орны спорт саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға айтарлықтай үлес қосады деп сенеміз. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы да өз жұмысын сәтті бастады», – деді ол.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа да ұлттық спорт түрлерінен мыңнан астам жарыс өткізіледі.
Сонымен қатар Ұлттық спорт түрлері фестивалі, «Ақ бидай» ауыл спорт ойындары, «Қазақстан барысы» турнирі тұрақты түрде ұйымдастырылады.
«Ең бастысы, ұлттық спорт түрлерінің мәртебесі заң жүзінде олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілді. Бүгінде қазақ спортының беделі бұрын-соңды болмаған деңгейде жоғары. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Біздің спортшыларымыз үнемі үздіктер қатарында», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы жақында қазақстандық танымал спортшы Елена Рыбакинаның теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атанғанын да атап өтті.
«Бұл – шын мәнінде, аса ірі жетістік. Мен Елена Рыбакинаны еңбекқорлығы, шеберлігі және жоғары деңгейдегі жеке мәдениеті үшін құттықтадым», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық спорттағы қазіргі жетістіктер Үкімет пен салалық министрліктің жүйелі әрі дәйекті жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен бірге алда атқарылатын жұмыс әлі де көп екенін айтты.
Президент Қазақстанда көптеген халықаралық спорттық жарыстар өтіп жатқанын атап өтті. Биыл Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды біріктірген бірегей «Болашақ ойындары» ұйымдастырылды.
«Келесі жылы елордамызда бірден жеті әлем чемпионаты өтеді. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Дегенмен мұндай халықаралық шаралардың барлығы еліміздің беделі мен абыройын нығайту үшін аса қажет. Ал 2029 жылы Алматыда X Қысқы Азия ойындары өтеді. Осы ірі жарыстардың барлығын ең жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңында Президент спортшылардың жеңісі жас ұрпаққа мотивация беріп, оларды жігерлендіретінін айтты.
«Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік. Жеңімпаз, чемпион болу – бір бөлек, өзгелерге чемпион деген атқа толық лайықты үлгі болу – мүлдем басқа нәрсе. Жастардың бойында табандылықты, төзімділік пен шыдамдылықты ғана емес, әдептілік, мәдениет пен тәртіпті де қалыптастыру өте маңызды. Сонда ғана жастарымыз тәні де, рухы да мықты азамат болып өседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рәсім барысында Мемлекет басшысы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға, сондай-ақ жарыстарды ұйымдастыру мен өткізуге ерекше үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстады.