КӨРКЕМ МӘНЕЗ, КӨШЕЛІ ОЙ

Dalanews 06 қар. 2014 01:29 1143

[caption id="attachment_8366" align="alignleft" width="259"]image Роза Мұқанова[/caption]

Ұлттық мінез! Көбіне оны зиялы қауым арасынан іздейміз. Ал, зиялылар кімдер десек, тілі мен ділін сақтап қалуда өздерін құрбан еткен алаштың намысты азаматтарымен бірге, мәдениет пен өнердің озық ойлы қайраткерлерінайтуға болады. Қашанда ұлы істің басын тыныштықпен, соңында шаттықпен бітіретін, ірілігі мол кісілерді өз айналаңнан іздейтінің де рас. Ардың ісі арзандап бара жатқан мына заманда, ондай парасатты жандардың өз ортаңда сиреп бара жатқандай көрінері түкте жасырын емес.Бірақ, бұл жағынан менің айым оңынан туды деп батыл айта аламын.

Мен, жазушы-драматург Роза Мұқанованы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында Болат Атабаевтың режиссурасымен қойылған «Мәңгілік бала бейне» атты шығармасы арқылы таныдым. Тағдырдың тәлкегіне түскен бейкүнә Ләйла қыздың ауыр халі мені қатты толқытты. Аталмыш қойылымды қанша рет тамашаласам да көзіме жас алмай кете алмайтынмын.Қойылымды көрген сайын, табиғат зардабынан жапа шеккен талай балалардың мүшкіл тағдырын бір кейіпкердің бойына сиғызып, шебер шығарманы қалай тудырды екен деп әр жолы терең ойда қалатынмын. Талай жандарды аса ауыр халде қалдырған сол бір қарғыс атқыр Семей полигонының қасірет-қайғысы еді. Аяқ-қолы өссе де, жас баланың түр-әлпетін сақтап қалған жасөспірім қыздың аянышты жүзі сезімтал жазушының жан-дүниесін қозғамауы әсте де мүмкін емес еді-ау! Атом сынақтарынан қара жамылған полигон құрбандарының өмірін ғана емес, күллі адамзаттың мұң-шерін аударыстырар үлкен туынды тек, ел-жұртының жан айқайын бүкіл болмысымен ұға алатын зерек қаламгердің қолынан келер күрделі дүние.

Тәуелсіздіктен  кейінгі жылдары ұлттық  драматургияда өмірдің өзекті мәселелерін көтерген Ә.Тарази, Д.Исабеков, С.Балғабаев, Б.Мұқай, Т.Ахметжан, Ш.Мұртаза, Қ.Ысқақ, И.Сапарбай, Т.Әбдік т.б қаламгерлер замандастары тап болған өмір құбылыстарын әртүрлі аспектіде қарастырды.
Кісі жалықтыратын жаттанды сарында жазылған шығармаларға әбден әуес болып алған режиссерлеріміз «драматургтер жоқ, жазбайды» деп, дамылсыз дабыл қаға бермей, жоғарыда аталған тәуір дүниелерге түйсік-таныммен көз салса дұрыс болар еді.

Әлі де қоғамдық дертке айналған келеңсіз жағдайларды шамалары жеткенше қағазға түсіріп жатыр. Сол ардақты ағаларының қатарында Роза Мұқанова да қоғамымыздың толғақты мәселелеріне дер кезінде үн қосып, бүгінгі күннің өте зәру тақырыптарын батыл қозғауда. Атап айтсақ, «Мысықтар патшалығы», «Шатыр астындағы Мен», «Муза», «Сен» атты драмалары адамдарды сын тезіне салар бар шындығымен атойлаған уытты пьесалар. "Мысықтар патшалығы" мен "Шатыр астындағы Мен" пьесаларында билік маңындағы мансапқорлық, сыбайластық, көре алмаушылық, жәдігөйлік, екі жүзділік, сатқындық деген кеселді дертке ұрынған науқас жандар кейіпін шебер бейнелейді. Қоғамда адам қандай іс атқарса да, соңында оның өздеріне не игілік, не індет боп қайтарын драматург шығармаларынан аңғару аса қиын емес. Осындай, ішкі қайшылықтары ұшқыр драматизмге мол өткір пьесалардың сахнада салтанат құра алмай жүргеніне таңымыз бар.  Кісі жалықтыратын жаттанды сарында жазылған шығармаларға әбден әуес болып алған режиссерлеріміз «драматургтер жоқ, жазбайды» деп, дамылсыз дабыл қаға бермей, жоғарыда аталған тәуір дүниелерге түйсік-таныммен көз салса дұрыс болар еді.

Қазіргі қазақ прозасында Роза ханымның қарымды қаламынан туған “Тұтқын”, «Мұң», “Патша қатын У”, “Мұқағали”, “Құбыжық”, «Күнә» секілді тағы да басқа әңгімелерінен тентек бола тұра тектілерді, ақымақ бола тұра ақылдыларға мұрнын шүйіре қарайтын қызғылықты кейіпкерлер тағдырына селсоқ қарай алмайсыз. Кез келген жазушы өз кейіпкерін өзінің биік талғамынан өткізіп, оған өзінше мінез-құлық, қимыл-әрекет беріп, әртүлі тағдыр сыйлап, жан бітіреді. Өзінің менін өзгеден жоғары қоятын әңгімелерінде жазушы адам өмірінің өзгеше қырларын философиялық түйіндер арқылы шешуге тырысады. Өз қатесін мойындап, оны жоюға бет бұрмауы, білмегенді біле тұра, білуге талпынбағаны – адамның кемшілігі емес, оның сауатсыздығы, нағыз надандығы екенін өз туындыларында баса көрсетеді.

«Сұлу өнер жалқаулардың қанжығасында қор болмауы тиіс, көркем әдебиет оларға жат дүние», – деп бекем ой түйген қаламгердің батыл пікірімен келіспеске шарамыз жоқ. Себебі, білікті маман қай салада жұмыс жасаса да өзіндік қолтаңбасын қалдыруға қарқынды еңбек етерін кім болса да белсене құптайды. «Ой түбін қопсытып, қопарып, тереңдей түсу арқылы өмірдің табиғи қалпын шығармада шынайы көрсете алғаның – мақсатыңа жеткенің», - дейді Роза Қажығалымқызы. Кез келген өнер адамы шығармашылық жұмыста шабыттануы тиіс екенін айқын түсінер жазушы күнделікті өз тіршілігінде де үнемі шығармашылық көңіл-күй үстінде жүрерін жиі аңғарасыз. Роза өз бойындағы бар қабілеті мен адалдығын әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қайнар қазынасына, асыл қорына арнары көзі ашық жанға айдан анық.

[caption id="attachment_8368" align="alignright" width="430"]театр 1 - копия Кез келген жазушы өз кейіпкерін өзінің биік талғамынан өткізіп, оған өзінше мінез-құлық, қимыл-әрекет беріп, әртүлі тағдыр сыйлап, жан бітіреді.[/caption]

Өнер жолы – имандылық жолы. Өнерде  өз кәсібіңе адал болғаның жөн. Р. Мұқанова да осынау ізгі ойларын жүзеге асыру мақсатында адамдықта да, мамандықта да адал болу ізгіліктерін бойына сіңіріп, көкейіне қондырып, өмірде де, өнерде де алға өрлеуді мұрат тұтады. «Өнерді сүймегеннің өнегесі ілгері баспайды» демекші, Роза рухани байлықты игеру жолында көркем шығарманы дамыту қисындарын кемеңгерлікпен жүзеге асырып келеді. Өзінен кейінгі әдебиетке, соның ішінде, драмаға шын беріліп, шынайы жұмыс істейтін, кәсібіне адал, алғыр жастардың қатары көбейе түссе деген ізгі тілегі бар. Өйткені, драма заңдылықтарының негізін білмеген адам сауатсыз, яғни ол нәрлі де мағыналы, әдеби тұрғыда терең тұлға жасай алмайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан, Ұлттық өнер университетінде «Кинотеледраматургия» мамандандығы бойынша өзінен дәріс тыңдап жүрген төл шәкірттеріне білім-тәрбиесімен бірге, өнегелі өнер туын биік ұстап, шынайы шеберлік шыңына өрлеулеріне бек атсалысып жүр. Бақ-дәулет - еңбекшілге ағып, еріншекке тамып келетінін өзінің ғибратты ой-тұжырымдарымен олардың бойларына сіңіруде. Болашақ мамандардың жан-дүниелеріндегі қайсыбір таңғажайып толғаныстарын өнер жолына бағыштауларына себепкер болып жүргені өзінен кейінгі жас ұстаздар қауымына үлкен өнеге.

«Жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын» демекші, «Өнертану» кафедрасына қарайтын қызметкерлердің дені жастар болғандықтан, Роза Қажығалымқызы сынды құрметті ұстаздарға қарап бой, ой түзейтініміз рас. Оның аңғарымпаздылығы, ақылға салып асықпауы, сабырлы әрекеті, әр нәрсенің байыбына бармай шешім айтпайтын байсалдылығы яғни сыпайылық тәрізді әдеп нышандарын көрсететін ұлттық мінезі біздерге қашанда үлгі. Айналасына көл-көсір көркемдік құятын мұндай мінезден сезімтал жастар қашанда ғибрат алады. Тіпті, мына тіршілікте болмай тұрмайтын жүйкеңді құртуға даяр қиын-қыстау шақтарда (сабақ барысында) ұжым арасында сыр бермес сабырлылығы, ұстамдылығы өзге әріптестеріне де ой салар ғажап құбылыс дерсіз. Адамға әдетте тез жұғатын іштарлық, менмендік, тәкаппарлық, көреалмаушылық мінездерден алыс жүруімізді, кісіге абырой әпермейтін сол жайсыз дағдылармен үнемі күресіп отыруымызды есімізге салып жүреді.Сондықтан да, мағыналы істен гөрі, ұсақ-түйек тірліктерге сұранып тұрар мынадай сусымалы заманда ұстаз Розаның адами қасиеттерін сақтап қалудағы белсенділігі оның кісілік бейнесін кемелдендіре түскендей.
  «Солар күн, ай, жылдардың өткеніне қуанады, бірақ өздерінің «ажал құшағына» жақындай түскеніне титтей де мән бермейді, сүйтіп, қолынан келе тұра бір жанға пайдасын тигізбей, атақ, мәнсап, ақша деп жүріп, қалай көз жұмғандарын да аңғармай қалады-ау», - деп, әржолы терең күрсініп қояды қарымды қаламгер.

Қазақтың даласындай шегі мен шеті жоқ ұланғайыр өнер әлемінде бір өзінің ғана атақ-даңқы дүркіреп тұрғанын қалайтын, өзгені мойындағысы келмейтін өзімшіл де тәкаппар пенделердің әр жерде қылаң берер жымысқы әрекеттеріне баяғыдан-ақ тіксіне қарайтын жазушының қазір бәрі ашық, кісінің ауызы бара бермейтін сұмдық істердің тура өзінің көз алдында қасақана өтіп жатқанына жаны жасығандай болады. Ар-ұяттарына дақ түсіріп жүрген арсыздардың етек жая бастаған арам тамырын бүгін балтамен шаппаса, ертең «ар», «ұят» деген жақсы қасиеттердің түбірімен жоғалмасына кім кепіл деген күдікті ойларының барын да жасырмайды. «Солар күн, ай, жылдардың өткеніне қуанады, бірақ өздерінің «ажал құшағына» жақындай түскеніне титтей де мән бермейді, сүйтіп, қолынан келе тұра бір жанға пайдасын тигізбей, атақ, мәнсап, ақша деп жүріп, қалай көз жұмғандарын да аңғармай қалады-ау», - деп, әржолы терең күрсініп қояды қарымды қаламгер.

Әрине, жазушыларда ет пен сүйектен жаратылған жандар. Олардың да ғұмырында өрлеу, құлазу, құлдырау болады. Өйткені бұл - өмір. Жазушы Роза да сол қилы заманның қиындықтарына шыдас беріп, сын тезімен әр істің оң шешімін тауып жүргендіктен де бүгінгі тұлғалық дәрежеге жетіп отыр. Бәріміз ақылды болмасақ та, ақымақтан безетіндей түйсігіміз болсын деп, ар-ұятының тазалығын сақтап, адал ғұмыр кешуді мақсат тұту жолында. Майда тірліктердің маңайына да жуымайтын Роза Қажығалымқызы сонысымен де біздерге бағалы. 

 

Айзат ҚАДЫРАЛИЕВА


Театртанушы


 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар