Білім беру, тіл саясаты, оқу мәдениеті мен білімге ұмтылысты арттыру – бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Осы тақырыптар төңірегінде профессор, саяси ғылымдар докторы, Qazaq Expert Club мүшесі Гүлмира Сұлтанбаевамен әңгімелестік, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Көптілді білім беру: мүмкіндік пен қауіп
— Бүгінде көптілді білім беру қаншалықты тиімді деген пікірталас жиі айтылады. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
— Көптілді білім беру туралы пікірталастың болуы заңды. Нейролингвистика саласындағы зерттеулерге сүйенсек, екі немесе одан да көп тілді меңгерген адамдардың когнитивтік қабілеті жоғары болады. Мысалы, Гарвард университетінің ғалымдары көптілді адамдардың миы ақпаратты шамамен 20 пайызға жылдам өңдейтінін дәлелдеген.
Көптілділік – бұл әлемдік ақпарат айдынына ашылған жол. Бүгінде ғылым, технология, экономика саласындағы негізгі білім ағылшын тілінде шоғырланған. Сондықтан бірнеше тілді меңгеру – жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторы.
Алайда мұнда бір маңызды қауіп бар. Ол – «жартытілділік». Егер бала алдымен ана тілінде ойлаудың логикалық құрылымын толық қалыптастырмаса, ол екі тілде де терең ойлай алмайтын үстірт буынға айналуы мүмкін.
Сондықтан ең алдымен ана тілінде мықты концептуалды фундамент қалыптастыру керек. Яғни бала өз тілінде еркін ойлап, ғылыми ұғымдарды түсініп алғаннан кейін ғана басқа тілдерді меңгерсе, бұл оның білімін кеңейтеді. Сол кезде ғана Конституциядағы тілдік баланс қоғамның пайдасына жұмыс істейді.
Кітап пен экран: жаңа бәсеке
— Цифрлық дәуірде жастардың кітап оқуы азайды деген пікір жиі айтылады. Бұл шындық па?
— Иә, цифрлық дәуір кітаптың рөлін белгілі бір деңгейде өзгертті. Бірақ бұл кітаптың құндылығы жоғалды деген сөз емес.
Қазір экранға үңілу мен кітапқа үңілу арасында үлкен бәсеке жүріп жатыр. Ғылыми зерттеулерге қарасақ, адам қағаз кітап оқығанда ақпаратты қорыту деңгейі шамамен 30 пайызға жоғары болады. Себебі кітап оқу кезінде ми мәтінді терең талдап, логикалық байланыстарды жақсы қабылдайды.
Дегенмен біз «балалар кітап оқымайды» деп шағымданудан бұрын, оларға қандай контент ұсынып отырғанымызды ойлауымыз керек. Қазақ тіліндегі сапалы, қызықты және заманауи контент жеткілікті ме?
Кітап оқу тек ақпарат алу емес, бұл – эмоция. Оқырманды кітапқа тарту үшін заманауи визуалды сторителлинг, геймификация сияқты тәсілдер қажет. Егер қазақ тіліндегі контент стильді, сапалы әрі трендте болса, оқу мәдениеті жаңа деңгейге көтеріледі.
Жасанды интеллект пен білімнің жаңа форматы
— Қазіргі технологиялар білім беру саласына қалай әсер етіп жатыр?
— Соңғы жылдары білім беру саласында жаңа технологиялар қарқынды енгізіліп жатыр. Мысалы, жақында ғана 15 жылдық тәжірибесі бар ІТ мамандары әзірлеген «Әл-жәбрдің атасы» және «Jaña Ğalam» журналдары жасанды интеллект (AI) пен кеңейтілген шындық (AR) технологияларын пайдаланып жаңа форматтағы контент ұсынды.
Бұл дегеніміз – бала журналды оқып отырып, атомдар мен молекулаларды виртуалды түрде көре алады, химиялық реакцияларды бақылап, ғылыми процестерді көзбен көреді.
Сонымен қатар жасанды интеллект арқылы Әл-Фараби, Бируни, Қаныш Сәтпаев сияқты тарихи тұлғалармен «тілдесіп», сұрақ қойып, жауап алу мүмкіндігі пайда болады.
Мұндай технологиялар ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығын азайтып, ғылымды балаларға түсінікті әрі қызықты етіп жеткізеді. Яғни баланы «оқы» деп мәжбүрлемей, оған ғылымды «ұстап көруге» мүмкіндік беретін кезеңге келдік.
Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі болашағы
— Әлеуметтік желілерде қазақ тіліндегі контент көбейіп келе жатқанын байқаймыз. Бұл үрдіс тілдің дамуына қалай әсер етеді?
— Соңғы жылдары YouTube пен TikTok платформаларында қазақ тіліндегі танымдық контент бірнеше есе артты. Бұл өте жақсы үрдіс.
Жасанды интеллектіні қазақша сөйлету, қазақ тіліндегі цифрлық өнімдерді көбейту – тілдің болашағы үшін маңызды. Егер тіл цифрлық кеңістікте белсенді қолданылса, ол жаңа буын үшін табиғи әрі тартымды құралға айналады.
Тіл – тірі организм. Ол тек ресми құжаттарда немесе оқу бағдарламаларында ғана емес, күнделікті өмірде, әлеуметтік желілердегі пікірталастарда, цифрлық ортада қолданылған кезде дамиды.
Тіл саясаты – ұлттық рухтың тірегі
— Жалпы тіл саясатының қоғамдағы рөлі қандай деп ойлайсыз?
— Тіл саясаты – бұл жай ғана коммуникация мәселесі емес, ол ұлттың рухани тірегі.
Қазақ тілі тек тұрмыстық деңгейде ғана емес, ғылымда, технологияда, мәдениетте және цифрлық әлемде де еркін қолданылатын тілге айналуы керек. Сонда ғана оның болашағы мықты болады.
Жаһандану дәуірінде кез келген тілдің бәсекеге қабілетті болуы маңызды. Қазақ тілінің де әлемде «іздеп жүріп оқитын» беделді тілге айналуына толық негіз бар. Ол үшін сапалы білім, заманауи контент және технологиялық қолдау қажет.
Сарапшының айтуынша, білім беру жүйесіндегі реформалардың басты мақсаты – тек білім беру емес, ойлай алатын, бірнеше тілде еркін сөйлейтін, цифрлық дәуірге бейім ұрпақ тәрбиелеу.
Ал бұл мақсатқа жету үшін ана тілінің негізін мықты қалыптастырып, оқу мәдениетін жаңа форматта дамыту және технологияны білім беру процесіне тиімді енгізу аса маңызды.
