Көптілді білім – қоғамның басым бағыттарының бірі

Dalanews 05 қаз. 2022 04:06 1621

Қыркүйектің соңғы күні Өрлеу-Алматыда Қазақстан халықтарының Тілдер күніне орай «Көптілділік заманауи білім берудің басымдықтарының бірі ретінде: жағдайы мен болашағы» тақырыбында дәстүрлі халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Онлайн форматта ұйымдастырылған конференцияның пленарлық мәжілісін  «Өрлеу» Алматы филиалының директоры п.ғ.д. Раиса Садвакасова құттықтау сөзімен бастады. Раиса Аждарқызы Институттың тұрақты серіктестері мен осы конференцияны өткізуге бірлесе атсалысып отырған Алматы қаласының білім басқармасының басшыларына, әдіскерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, тәжірибеге бағытталған Конференцияда көптілді білім беру мәселелері жан-жақты қарастырып, тиімді шешімдер қабылданады деген сенім білдірді.

Іс-шара бағдарламасына сәйкес мәжіліске қатысушы қонақтар  өз ретімен таныстырылымын жасап, баяндама оқып, тәжірибе бөлісті. Атап айтсақ, Алматы қаласы білім басқармасы Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының оқу жұмысы жөніндегі бөлім жетекшісі Атейбек Сандуғаш Тұрсынбайқызы қазіргі уақытта еліміздің басқа елдермен қарым-қатынасы кеңейген кезде басты міндет үштілді еркін меңгерген және болашақта өз білімін қарым-қатынастың түрлі салаларында ұтымды пайдалана алатын адамды даярлау болып табылатынын атап айтты.

Қырғызстан Республикасы Біліктілікті арттыру институты жанындағы орталықтың меңгерушісі Артыкбаева Гульмира Эрматовна өз сөзінде барлық жаһандық проблемалардың шиеленісуінің күрделі дәуірінде өркендеген болашаққа деген үміттің бірден-бір көзі – білім беру екендігіне назар аудардса, ЕҚЫҰ Азшылық ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының көптілді білім беру бойынша халықаралық кеңесшісі Атанасия Стоянова  Петровна сөз кезегінде әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, Өрлеу Алматы филиалымен көптілді білім беру бағытындағы ұзақ жылдар  бірлесіп атқарған жұмыстарының жемісті нәтижесі туралы жан-жақты баяндады. Тілдерді сақтауға және дамытуға мүмкіндік беретін қадамдардың маңыздылығына тоқталды.

ЕҚЫҰ Азшылық ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының өңірлік менеджері Саирова Гюльназ көптілді білім берудің бүгінгі жағдайы туралы баяндаса, Тбилиси университетінің профессоры Каха Габуния мектеп пен мектепке дейінгі білім беруді қамтитын көптілді білім беру бойынша пилоттық жоба туралы айтты. Қырғызстан Республикасы Біліктілікті арттыру институты жанындағы орталықтың Көп тілді және инклюзивті білім беру бөлімінің меңгерушісі Орысбаева Дамира Нұржанқызы Қырғызстандағы көп тілді білім беру бағдарламасының бағыт-бағдары туралы таныстырылымын ұсынды.

Сонымен қатар, Бользано Еркін университетінің профессоры Стефани Риссе Италияның мектепке дейінгі ұйымдарында тілдерді оқытудың инновациялық тәсілдері туралы (Италияда үш әкімшілік тіл бар – итальян, неміс және Ладин), көптілділікті оқытудың өзіндік әдісі бар екенін және CLIL әдісін қолданбайтынын атап өтті.

«Өрлеу» Алматы филиалының аға оқытушысы тренер, гуманитарлық ғылымдар магистрі Есентаева Айжан Ыдырысқызы баяндамасында пәнаралық және пәнішілік қарым-қатынастың интеграциясын ұстана отырып, тапсырмаға негізделген тәсілді қолдану аясында оқушының мәтін мазмұнын түсіну арқылы оқуды үйренетіні туралы баяндап, тәжірибесімен бөлісті.

Қырғызстан Республикасы Біліктілікті арттыру институтының аға оқытушысы Оморова Айгүл Әбдіқапарқызы көп тілді мектеп мұғалімдерін қайта даярлау тәсілдері туралы ой қозғаса,, Моңғолия БҒМ Білім беру институтының Шетелдегі азшылық ұлт балалары мен моңғол балаларына білім беруді зерттеу секторының ғылыми қызметкері Зульмира Жаубай Моңғолиядағы азшылық ұлт мектептерінде интеграцияланған оқытуды зерттеудің нәтижесімен, тәжірибесімен бөлісті. Кембридж университетінің бағалау орталығының оқытушысы Боб Оби мырза  CLIL көмегімен тілдік курсты құрылымдаудың ең жақсы әдісі, бастауыш сынып оқушыларына пәндік-тілдік интеграцияланған оқыту туралы баяндады. Ал, Қазақстандағы «Edu Stream» тіл мектебінің академиялық директоры, пәкістандық Джозеф Шейх тілді меңгеру деңгейін көтерудің бірден-бір әдісі – кітап оқуға қызықтыру туралы өз пікірімен бөлісті.

Қырғызстандағы көптілді білім беру бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі Виктория Булатова, Қазақстандағы көптілді білім беру бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі, «Көптілді білім беру» бағдарламалары бойынша халықаралық тренер Виктория Кайдакова осы саладағы жұмыстың бағыт-бағдарымен таныстырды.

Конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан айтулы ғалымдар мен зерттеуші мамандардың өзекті мәселелерді ойталқысына салып, тиімді шешімдерді қарастырған мазмұнды баяндамалары мен құнды ұсыныстары көптілді білім беру бағытындағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі.

Нұрзат Райымқұлова, «Өрлеу» Алматы филиалының PR, SMM маманы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар