Түркістан облысында тікелей эфирде балағат сөз айтқан стример жауапқа тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көпшілік алдында әдептен озған стримердің әрекеті полиция назарынан тыс қалмаған. Түркістан облысында полицейлер әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында TikTok платформасындағы "Ғашықтар" аккаунтында жарияланған тікелей эфирден өрескел құқықбұзушылықты анықтаған.
"Әйел адам мәдениетті сақтамай, өзге азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекетке жол берген. Полиция қызметкерлері тексеріс барысында оның Ордабасы ауданының 32 жастағы тұрғыны екенін анықтады. Өзгені көпшілік алдында балағаттаған әйел полиция бөліміне жеткізіліп, әрекетіне құқықтық баға берілді. Нәтижесінде сот шешімімен стримерге 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деді ІІМ өкілдері.