"Көп сөйлемейтін, бірақ тік айтатын". Сара Алпысқызы туралы не белгілі?

Сағыныш Сардарова 08 мам. 2025 12:02 1361

Өткен аптадан бері Сара Назарбаева туралы ақпараттар айтыла бастады. Dalanews.kz Сара Назарбаева туралы деректерге шолу жасап шықты.

Сара Назарбаеваның денсаулығы туралы не белгілі?

Сара Назарбаева ауыр хәлде жатқаны белгілі болды. Қазақстанның тұңғыш президентінің отбасына жақын дереккөзге сүйенсек, дәрігерлер Сара Алпысқызына көмектесе алмай отыр.

Орда порталының мәліметінше, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Алпысқызы қазір Алматыдағы ауруханалардың бірінде ем қабылдап жатыр. Аурухана ғимаратының сыртына күзет қойылған. Ішке еркін кіріп-шығуға немесе түсірілім жасауға тыйым салынған. Ауруханаға емделуге келген кейбір азаматтар Сара Алпысқызын ішкі бөлімшелерде көргенін растаған.

Осы жағдайға байланысты басылым ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты медициналық орталықтың баспасөз хатшысы Елена Коэмецке хабарласқан. Дегенмен нақты мәлімет ала алмаған.

Дереккөздер Сара Алпысқызының денсаулығындағы мәселе жасына байланысты болуы мүмкін екенін айтады. Бірақ нақты диагнозы жарияланбады.

Сара Назарбаевамен жақын араласқан азаматтардың бірі, Қазақстандағы балалар үйлері түлектері қауымдастығының президенті Рафаэль Гасанов қазір Сара Назарбаеваның жанында жақын адамдары мен туыстары барын растады.

"Сара Алпысқызы бізге жақын жан. Ол бізді жақсы таниды. Біз де оның тезірек сауығып кетуін тілеп отырмыз", – деген Рафаэль Гасанов басылымға.

Гасановтың айтуынша, ол - Сара Назарбаева негізін қалаған SOS балалар ауылдарының түлегі. 

"Сара апай жиі келіп тұратын. Сыйлық әкелетін, өмір туралы, адами құндылықтар жайында айтатын. Біз оны "анамыз" дейтінбіз. Ол шенеуніктердің өзі сыйлайтын тұлға болатын", – деді ол.

Оның айтуынша, Сара Алпысқызы бұрынғы тәрбиеленушілерімен әлі күнге дейін байланысын үзбеген. Жақында ғана Рафаэль Гасановқа кітаптар сыйлап, қоғамдық жұмысына сәттілік тілеген.

Сара Назарбаева туралы не белгілі?

Сара Алпысқызы Назарбаева (қазіргі тегі – Қонақаева) - Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы, қоғам қайраткері. Ол 1941 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Жоғары білім алып, инженер-металлург мамандығы бойынша еңбек еткен.

1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен отау құрған. Ерлі-зайыптының үш қызы бар: Дариға, Динара және Әлия.

Сара Алпысқызы біраз уақыттан бері қоғамдық өмірге сирек араласып, саяси сахнадан тыс қалды. Ол көпшілік алдында жиі көрінбей кетті.

1992 жылы ол "Бөбек" халықаралық балалар қайырымдылық қорын құрды. Бұл қордың мақсаты – жетім, мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік тұрғыда осал топтағы балаларға жан-жақты көмек көрсету. Сонымен қатар, оның бастамасымен еліміздегі мектептерде "Өзін-өзі тану" пәні енгізілді. Кейін бұл пән оқу бағдарламасынан алып тасталды. Сара Алпысқызының бастамасымен Қазақстанда "SOS – балалар ауылдары" халықаралық жобасы іске асты.

Кейінгі жылдары ол бұрынғы тегін өзгертіп, қыз кезіндегі тегі Қонақаеваны қайта алғаны белгілі болды.

Оған қоса біраз жылдан бері Сараның өзіне қарағанда қыздары жиі жұрт назарында. Тіпті былтыр Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

"Сағымды сындырмады". Назарбаев кейінгі жылдары Сара туралы не айтты?

2023 жылы Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа"  атты кітап шығарып, осы кітабында ұлдары, олардың анасы туралы "ағынан жарылды". Сөз арасында Сара Алпысқызын қосуды да ұмытпаған.

Кітапта екінші әйелі Әсел Исабаевамен қалай танысқаны, бұл жаңалықты оның бірінші әйелі Сара Алпысқызы қалай қабылдағаны туралы жазылған.

"Тегінде, адам баласына ең басты бақытты, ең баянды бақытты бала ғана, перзент қана бере алатын болса керек. Үш перзентімді, үкілеген үш қызымды - Дариғаны, Динараны, Әлияны дүниеге әкелген, жас шағымнан жаныма жалау болған, небір сын сағатта қасымнан табылған Сараға бар ғұмырымда ризамын және қамқоршымын. Сол қилы кезеңде де мені түсінгенін, кешіргенін мына өмірдегі бір жұбанышым көремін. Тауман туғанда Алматыға, алдына барып, бар жайды ақтарып, айыбымды айтқанымда тектілігін тағы да танытып еді айтулы әулеттің перзенті", - деп жазған ол. 

Оның сөзінше, Сара Алпысқызының атасы да екінші әйел алған. 

"Бала - періште. Бала бақытты болып өссін" деді сонда Сара. Қыздарым да мені дұрыс ұқты. Сара Алпысқызының қай әйел үшін де қиын сынақта танытқан кеңдігінің бір себебін іштей сезетін де сияқтымын. Атасы Арқадағы атақты Қонақай бай екенін жаздым ғой. Сол кісіде ұл болмапты. Ақыры алпыстан асқан жасында бәйбішесі өзі айттырып, жас қызға үйлендірген екен. Ойлағанындай ұл туып, атын Алпыс қойыпты. Кім біледі, бабадан тамыр тартқан сол дәстүр есіне түсіп, болған іске кеңшілік көрсетті ме екен?

Әйтеуір онсыз да қиналған жанымды қажай берген жоқ, сағымды сындырмады. Мен өзім баланы ұл деп, қыз деп бөлетіндерден емеспін. Үш қызымды да жанымдай жақсы көремін. Олардан туған немерелерді де жиен деп жатпаймын. Ұл бала - шаңырақты ұстайтын ие, әулет жалғастырар кие... Міне, солай, ағайын. Жан сырымды жайып салдым алдыңызға. Қалай десеңіз де, өзіңіз білесіз. Бұл - өмір. Бір анық нәрсе бар. Жүрекке әмір жүрмейді", - деп жазылған кітапта.

"Ешкіммен араласпайды"

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс төрағасы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев Сара Назарбаевамен араласқанын, оның қандай адам екенін айтты. 

"Сара Алпысқызы туралы көп ешкім айтпайды. Ол кісі көп сөйлемейтін, бірақ тік айтатын. Тіпті күйеуіне де "халықтың қамын ойламайсың ба?" деп айтатын. Әйелдері (Назарбаевтың - еск.) пайда болған кезде екеуінің арасы қатты суып кетті. Сара Алпысқызы туралы айтудың қажеті де жоқ, ол кісі - жай қарапайым адам. Еш жерде сөйлеп, лекция жасамаған адам. Сара Алпысқызы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси шешімдеріне араласпады. Араласқанның өзінде Назарбаев ол кісімен санаспайтын. Ол кісі тірі. Не құдаларымен де, не басқаларымен де араласпайды", – деді Амангелді Шабдарбаев TALK LIKE YouTube арнасына берген бір жыл бұрынғы сұхбатында.

Оның сөзінше, қазір Сара Назарбаеваның араласатын жақын таныс, достары да жоқ.

"Өзі сондай адам деп айтуға да болар еді. Қазір өзімен-өзі. Тіке мінезі болған. Мені ұнатпады. 8 наурызға гүл жіберемін ғой. Менің гүлімді лақтырып тастатқызады. Сара Алпысқызы мені кейін жек көріп кетті. Нұрсұлтан Назарбаев Рахат Әлиевке қатты сенді, биліктің бәрі соның қолында болды. Ол көп нәрсе жасады. ...Мен бірінші барып Рахатқа тиістім ғой. ...Дариға екеуі Сара Алпысқызын маған қарсы қойды", – деді ол сұхбатында.

Бұған дейін Сара Назарбаева туралы қандай ақпарат тарады?

Біраз уақыттан бері есімі БАҚ-та аталмай қалғанымен, былтыр экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші әйелі Сара Назарбаева негізін қалаған институт мемлекет меншігіне өтті деген ақпарат тарады.

Үкімет қаулысында Сара Назарбаева негізін қалаған институт мемлекет меншігіне өткені жарияланды.

Бұл институт кейінгі жылдары жұмыс бағытын өзгертіп, ребрендинг жасаған еді. "Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты" енді "Өркен"  балалар саламаты ұлттық ғылыми-тәжірибелік институты" деп жарияланды.

"Бұл институт 2021 жылы Сара Назарбаева негізін қалаған "Бөбек" қорының жанынан ашылған еді. Институттың негізгі миссиясы "Өзін-өзі тану" рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы арқылы елдің адами әлеуетін дамытуға үлес қосу болды. Ал Қазақстанда "Өзін-өзі тану" рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы 2022 жылы заң жүзінде өз жұмысын тоқтатты", - деп жазылған хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар