Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов соңғы сөзін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Байжановтың сөзінше, әу бастан мейрамхана жабылғанын, қызметкерлер таратылғанын жоққа шығармаған. Оған қоса видеоларды өшіруді тапсырғанын мойындады.
"Шынында да, мұның бәрі - болған жайттар. Тергеудің басынан бастап мұның бәрі қашан, кім арқылы жасалғанын айттым. Бірақ осы жерде маңызды бір сұрақ бар: сол кезде ауыр қылмыс жасалғанын, бұл Салтанаттың өмірден өтуіне себеп болғанын білдім бе? Білмедім деп ант-су іше аламын. Білсем оның бірін де істемес едім. Тіпті түсінбедім. Оған қоса жасаған істерім қылмысты жасыру деп есептелетінін де білмедім. Сұмдық қылмыстың іздерін саналы түрде жасыруға көмектескен болсам, өзімді қорғамас едім, өз-өзімді кешіре алмас едім. ...Осы уақыт ішінде Салтанатпен кездескен сәттерімді еске алдым. Тірі болса жақындарына махаббаты мен мейірімін көрсетер еді деп ойладым. Ол өте шынайы, мейірімді жан болды. Бүгінде оның отбасының басына түскен ауыр қайғыны ешқандай сөзбен жеңілдете алмайсың. Бірақ осы қайғыны сейілтуге мүмкіндік болса, жаза арқалауға дайынмын. Тағы бір мәрте Салтанаттың отбасына, жақындарына шын жүректен қайғырып көңіл айтамын. Кешірім сұраймын. Салтанаттың жатқан жері жайлы болсын, топырағы торқа болсын, иманы саламат болсын!" - деді Байжанов.
Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube арнасынан онлайн қарады.
Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.
Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова.
27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.
Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.
Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:
- аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
- қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).