Астанада полицейлер ірі көлемде қаржы ұрлады деген күдікке ілінген компанияның бұрынғы сату бөлімінің менеджерін ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті жұмыс істеп жүрген кезінде компанияның корпоративтік банк шотына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болған. Алайда ол жұмыстан кеткеннен кейін, оның жеке есептік жазбасы дер кезінде бұғатталмаған, ал бұл олқылықты бұрынғы қызметкер жеке мақсатта пайдаланып кеткен.
"Тергеу барысында анықталғандай, күдікті бірнеше ай бойы компания қаражатын өз шоттарына аударып отырған. Нәтижесінде келтірілген жалпы залал көлемі 14 миллион теңгені құрады. Ақша тек жеке қажеттіліктеріне жұмсалған", – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.