Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Тапқан табысы ішіп-жемнен артылмайтын халықтың базардағы бағаға тәуелді екені рас. Жыл басынан бері қазақстандықтар жалақысының 60 процентіне жуығын азық-түлікке жұмсапты. Жо-жоқ, бұл жұрт тәбетінің жақсарғаны емес, сөредегі бағаның қымбаттағаны. Сандар бүй дейді.
Биыл азық-түлік бағасы былтырғымен салыстырғанда бірден 10 процентке қымбаттапты. Әсіресе, халық күнделікті тұтынып жүрген тауарлардың құны күрт артқан. Нан өнімдері - 14, ұн - 22, дәнді-дақылдар - 33,картоп - 26, жұмыртқа - 14, ал майдың бағасы - 15 процентке қымбаттаған екен.
Осыны депутаттық сауалында тілге тиек еткен депутат Айқын Қоңыров келесідей ұсынысын жеткізді. Мәжілісменнің сөзінше, халыққа азық-түлікті талонмен тарату сөредегі қымбатшылықтың алдын-алады-мыс.
Айқын Қоңыров, ҚР Мәжіліс депутаты:
"Халықтың денсаулығына қауіп төніп тұрған уақытта, азық-түлік бағасының артқаны ақылға қонымсыз. Халыққа қазір дұрыс тамақтану керек. Ал айлығы шайлығынан артылмайтын жұрт, пайдалы тамақты қайдан жесін? Сондықтан коммунистік партия бұрынғыдай купондық төлем жүйесін енгізу керек деп есептейді."
Иә, Коммунистік партияның өкілі келмеске кеткен Кеңес заманын сағынды ма, азық-түлікті жұртқа бұрынғыдай талонмен тарату керек деген пікірде. Алайда, сол кездерді көз көргендер депуттатың бұл бастамасына жылы шырай танытпады. Соғыс, дағдарыс кезінде жоқшылықтан қолданған жүйеге жұрт бейбіт заманда неге қайта оралуы керек дейді.
Жарықгүл Құрманбаева, зейнеткер:
"Соғыс кезінде мына карточный жүйе болды. ендің ол кезде түсінікті ғой, соғыс болды, халықтың халу нашар болды, Үкімет қамтамасыз ете алмады. Ал енді дәл қазір дәл бізде қазір жағдай жақсы. Біз енді балаларымыздың болашағы жарқын болады деп елестетеміз. Енді қазіргі уақытқа талонға көшіп, артқа қайтуымыз дұрыс емес деп есептеймін".
Экономистер де депутат Айқын Қоңыровтың ұсынысы ақылға қонымсыз деген ойын жеткізді. Ал айлығы шайлығынан артылмайтын халықтың жағдайын жақсыртатындай келесідей бастама көтерген әлдеқайда дұрыс дейді.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
"Коммунистердің ұсынысындай халықтың бәрін теңестіріп емес, көп айлық алатын коммунист депутаттарымыздың салығын 20-25 пайызға көбейту керек. Сонда бюджеттің ақшасы көбейеді де, мұқтаж адамдарға көмек көбейіп, олардың сатып алу қабілеті жоғарылап, азық-түлікке ақша жететін болады".
Қалай болғанда да, коммунистер партиясының айтқан ұсынысы әлі тек сөз жүзіндегі бастама ғана. Ал оның заңды күшіне енетіні я енбейтінін халық алдағы уақытта көре жатар.