Көмек көрсетіліп, дүние-мүлік қалпына келтіріледі – вице-премьер

Жарбол Кентұлы 02 сәу. 2024 09:16 2228

Вице-премьер – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев және төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайын тексерді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-Министр орынбасары және ТЖМ басшысы Қарағанды облысындағы өзен алаптарын әуеден бақылап, өңірдегі ахуалмен танысты. Бүгінде жағдай күрделі деп бағалануда. Өйткені өңірде су тасқынының екінші толқыны болжанып отыр.

Нұра, Осакаров аудандары аумақтарында қардың 40%-ында және Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігінде де біраз қар ерімеген.

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға азаматтық қорғау қызметінің қосымша күштері мен құралдары тартылған.  

Штаб басшысының орынбасары Шет ауданы ауылдарының зардап шеккен тұрғындарымен кездесу барысында су тасқынынан келген барлық шығынды Комиссия бағалап, толық өтелетінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы су тасқыны зардаптарын барынша азайтуды және бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Комиссия барлық үйді тексереді. Көмек көрсетіледі, мүлік қалпына келтіріліп, өтеледі. Егер үйлер жарамсыз деп танылса, жаңасы салынады немесе екінші нарықтан басқа баспана сатып алынады, – деп түсіндірді Қанат Бозымбаев ауыл тұрғындарына.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар