Колумбияны 7,4 балдық зілзала дүр сілкіндірді: үйлер қираған, адам шығыны бар

Колумбияны 7,4 балдық зілзала дүр сілкіндірді: үйлер қираған, адам шығыны бар

Колумбияның батысында қуатты жер сілкінісі болып, елдің бірнеше қаласында төтенше жағдай қалыптасты. Магнитудасы 7,4 балдық зілзала салдарынан кемінде екі адам қаза тауып, ондаған ғимарат зақымданған. Үйінді астында қалған адамдар болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Зілзала дүйсенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңғы 7:34-те тіркелген. Жер сілкінісінің ошағы Колумбияның батысындағы Чоко департаментіндегі Сан-Хосе-дель-Пальмар муниципалитетінің маңында орналасқан. Ошақ шамамен 79 шақырым тереңдікте болған. 

Ең қатты зардап шеккен өңірлердің қатарында Чоко, Рисаральда, Кальдас және Валье-дель-Каука департаменттері бар. Калиде кемінде 19-20 ғимараттың зақымданғаны немесе құлағаны хабарланды. Кейбір адамдардың үйінді астында қалғаны туралы ақпарат түскен. 

Манисалесте ғимараттардың бірі қирап, екі адам көз жұмған. Ал Чоко департаментінің астанасы Кибдода жараланғандар бар. Қалада бірқатар нысанға айтарлықтай зақым келген. 

Жер дүмпуі көрші елдерге де жетті

Қуатты зілзала Колумбиямен ғана шектелмеді. Жер сілкінісі Эквадор, Панама және Венесуэлада да сезілген. Боготада тұрғындар ғимараттардан сыртқа шығып, қауіпсіз жерге жиналған. 

Негізгі дүмпуден кейін сол аймақта 4,8 балдық қайталама жер сілкінісі тіркелді. Құтқару қызметтері зардап шеккен аудандарды тексеріп, қираған нысандардың астында адамдардың бар-жоғын анықтап жатыр. (Tico Times)

Әуежайлардың қауіпсіздігіне байланысты Перейра, Манисалес және Армения қалаларындағы әуе қатынасы уақытша тоқтатылып, нысандар тексеріле бастаған.

Колумбия билігі құтқару жұмыстарын күшейтті. Елдің төтенше жағдай қызметтерінің мәліметінше, зілзала тоғыз департаментке және барлық 32 департамент астанасына әсер еткен.

Қазір құтқарушылар үйінділерді аршып, зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. Мамандар кейінгі дүмпулер болуы мүмкін екенін ескертіп отыр.

Қаза болғандар мен зардап шеккендердің нақты саны құтқару жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана белгілі болуы мүмкін.