Колумбиядағы жойқын жер сілкінісі: қаза тапқандар саны 130-дан асты, елде төтенше жағдай жарияланды

Колумбиядағы жойқын жер сілкінісі: қаза тапқандар саны 130-дан асты, елде төтенше жағдай жарияланды
@ Giovanny Galvez/AFP

Колумбияның Тынық мұхиты жағалауында болған күшті жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 132 адамға жетті. Тағы 87 адам түрлі жарақат алған. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы 7,4 балл болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жер сілкінісі дүйсенбі күні жергілікті уақытпен сағат 07:34-те тіркелген. Жерасты дүмпуінің эпицентрі Сан-Хосе-дель-Пальмар ауылы маңында орналасса, ошағы 107 шақырым тереңдікте жатқан, деп жазады BBC.

Апатқа байланысты Колумбияда төтенше жағдай режимі жарияланды.

Жуырда өткен сайлаудан кейін ел басшылығына келген президент де ла Эсприэлья үкіметтің барлық ресурсы зардап шеккен өңірлерге жұмылдырылғанын мәлімдеді.

– Ұлттық үкімет азаматтарды қорғау, зардап шеккен аймақтарды қолдау және қажетті көмекті жеткізу үшін барлық мүмкіндігін пайдаланып жатыр. Қазір басты міндет – үйінді астында қалған адамдарды құтқару, – деді президент.

Колумбиядағы халық саны бойынша үшінші ірі қала саналатын Калидің мэрі Алехандро Эдер бастапқыда 18 адамның қаза тапқанын хабарлаған. Оның айтуынша, қалада кемінде 20 ғимарат құлаған. Кейінірек құрбандар санының артқаны белгілі болды.

Чоко департаментінің басшысы Нубия Каролина Кордоба көптеген адамның зардап шеккенін айтты, алайда нақты санын жарияламады. Оның сөзінше, департаменттің әкімшілік орталығы Кибдо қаласында көптеген ғимарат қатты зақымданып, жараланғандар бар.

Көршілес Рисаральда провинциясының губернаторы Хуан Диего Патино жергілікті Blu Radio радиосына берген сұхбатында департамент астанасы Перейра қаласындағы бірқатар ғимаратқа айтарлықтай зақым келгенін мәлімдеді.

– Бұл өте ауыр жағдай. Көріністер шынымен де қорқынышты: адамдар жараланған, ғимараттардың қасбеттері опырылып түскен, – деді ол.

Жер сілкінісінің дүмпуі эпицентрден шамамен 400 шақырым қашықтықтағы ел астанасы Боготада да сезілген. Қалада бағдаршамдар мен ағаштар тербеліп, тұрғындар үйлерінен сыртқа жүгіріп шыққан. Бірнеше ғимараттан адамдар эвакуацияланған.

Кейін Богота мэрі Карлос Галан әлеуметтік желіде жариялаған мәліметінде астанада елеулі зақым тіркелмегенін хабарлады.