Қазақстанда 25 тамыздан бастап жүргізушілерге қатысты жаңа талаптар қолданысқа енгізіледі. Өзгеріс 65 жастан асқан азаматтарға, мүгедектігі бар жүргізушілерге және мас күйде көлік жүргізуге байланысты қылмыстық ісі белгілі бір негіздермен тоқтатылған адамдарға қатысты болады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа тәртіпке сәйкес, 65 жастан асқан және мүгедектігі бар азаматтар белгіленген мерзімде медициналық тексеруден өтуге тиіс. Олардың көлік басқаруға жарамды екені туралы дәрігерлік қорытынды жол қозғалысы саласындағы цифрлық жүйеде тіркелуі қажет.
Егер ақпараттық жүйеде жүргізушінің денсаулық жағдайына қатысты қорытынды болмаса, оның көлік жүргізу құқығы уақытша тоқтатылуы ықтимал. Құқық медициналық мәліметтер жүйеге енгізілгеннен кейін қайта қалпына келтіріледі.
Жаңа талаптар мас күйінде көлік басқаруға қатысты қылмыстық ісі айыптау үкімінсіз тоқтатылған азаматтарды да қамтиды. Мұндай жағдайда жүргізуші куәлігін сақтау мүмкін болмайды.
Көлік басқару құқығын тоқтату туралы шешім заңды күшіне енген қаулы негізінде қабылданады. Ол үшін соттың қосымша шешімі қажет емес.
Мас күйінде көлік жүргізуге байланысты құқығынан айырылған азамат көлік тізгініне сегіз жылдан кейін ғана қайта отыра алады. Ол медициналық тексеруден өтіп, жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтихан тапсыруға міндетті.
Осылайша, жаңа тәртіп жүргізушілердің денсаулық жағдайын бақылауды күшейтіп, мас күйінде көлік басқарған азаматтарға қойылатын талаптарды қатаңдатады.