Көлік саудасы: 2023 жылдың рекорды биыл жаңара ма?

Dalanews 22 қаң. 2024 06:05 1937

Былтыр мініп жүрген көліктеріміздің қатары біршама жаңарып қалғаны анық. Ресми статистика ел тұрғындарының 198 686 жаңа көлік сатып алғанын көрсетеді. Ал саладағы өндірістің өсімі 30 пайыздан асып жығылады. Үздік 5 брендті де атай аламыз. Көшті он-шақты жыл бұрын нарығымызға енген Hyundai мен Chevrolet, содан соң Kia бастап тұр. Соңғы екі жылда көшелерімізден көріне бастаған Chery төрттікті, Toyota бестікті түйіндейді.

 

Еврей нақылы: Ең жақсы көлік – жаңа көлік

Әлгі, өткен жылы ресми дилерлер сатты деген 198 686 көліктің үлесі жылдағыдан 60,2 пайызға көп екен. Бұл – еліміздегі автобөлшек саудасының бүкіл тарихындағы ең жақсы нәтиже. Осы ретте отандық автокөліктің нарықтағы үлесі жылдың соңында 71 пайызды шамалаған. Бүгінгі таңда ең танымал 10 модельдің 9-ы «Қазақстанда жасалған».

Қазақстан автокөлік одағының дерегіне сүйенсек, еліміздегі автомобиль өнеркәсібінің үлесі былтыр тағы 5,7 пайызға ілгерілегенін аңғарамыз. Бұл дегеніміз, барлық машина жасау секторының 44,3 пайызын алып жатыр.

– Елдегі автокөлік өндірісі рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп жатыр. Салада инвестиция тарту шаралары жалғасуда, бұл еңбек нарығында жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына, мемлекеттік бюджетке салық төлемдерінің айтарлықтай артуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Отандық өндіріске салынған инвестиция нақты нәтиже көрсететініне көзіміз жетті, бұл қазақстандық автомобиль өнеркәсібінің болашағын оптимистік тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді, – дейді одақ президенті Анар Мақашева.


Оның сөзіне қарағанда, 2023 жыл бойы Қазақстанда барлық үлгіде 148 885 дана көлік өндірілген. Бұл арғы жылдың қаңтар-желтоқсан аралығымен салыстыра қойсақ, 30 пайыздан асып кеткенін көреміз. Жалпы нәтижені ақшалай есептеп жіберсек, 1,8 триллион теңгеден асып кетеді.

 

«Қараша, желтоқсанмен, сол бір екі ай...»

Айтпақшы, былтырғы сатылым көрсеткіштеріне үңілсек, шілдеден бастап ел тұрғындарының су жаңа көліктерді жиі сатып ала бастағанын байқаймыз. Қаңтарда 10 мыңдай жаңа көлік көшемізді толтырса, жылдың ортасында бұл сан еселене түскен – 18 820! Қарашада 19 мыңға жетеқабыл. Әсіресе, желтоқсандағы цифр қызық бізге. Көлік бағасы 1 миллион теңгеге дейін «құлаған» соңғы айда Қазақстан халқы 23 528 су жаңа көлік сатып алыпты.

Қазақстанда көлік өндірісінде көшбасшы орынды Қостанай Allur зауыты алады. Компания өткен жылы 90 230 дана көлік өндірген. Бір жыл бұрынғыдан 29 пайызға жуық көп. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan өндірісін 48 857 автокөлікке дейін ұлғайтыпты, мұнда да өсім 31 пайыздан асып кетеді.


Семейдегі «СемАЗ-да» да ілгерілеу бар, 3 788 дана шығарған. Қарағанды ​​облысының Саран қаласында орналасқан QazTehna 1 801 дана көлік шығарыпты. Көкшетауда «КАМАЗ Инжиниринг» өндірісін 7,5 пайызға ұлғайтып, 1 352 дана жүк көліктерін пайдалануға берген.

Осы автокөлік кәсіпорындарында жұмыс істейтіндердің санында да айтарлықтай өсім бар. 2022 жылғы 4,9 мың адамнан 2023 жылы 6 мыңға дейін.

 

Мінгенім астымдағы аппақ Hyundai, көшеде ағылып жүр көлік мұндай!..

Кененнің «Көкшолағының» мақамымен әндетіп көріңіз. Өйткені, былтырғы сатылым нәтижелерін сараптай түссек, еліміздегі ең танымал брендтердің алғашқы ондығындағы позициялар өзгерген. Нарықтағы 23,5 пайыз үлесімен бірінші орынды Hyundai еншілеп тұр. Компания ел азаматтарын 46 725 көлікпен қамтамасыз етті.

Екінші орында 45 807 көлік сатқан Chevrolet еншілейді. Үшінші орында – Kia, 25 495 көлік саудалаған. Төртінші орында Chery тұр, 12 229 көлігін мініп жүрміз. Төркіні қытайлық компания саудасын бір жыл ішінде 174 пайызға жуық қыздырыпты. Бесінші орында – Toyota, 10 756 көлік. Haval алтыншы орында – 7 558 көлікпен сатылымын төрт (!) есеге арттырған.

Жетінші орында – Jac автокөліктері, 7 514 көлігін сауадалаған. ТОП-10-дықты Changan, Jetour және Exeed түйіндейді, тиісінше 6 087, 3 930, 3 884 көлік сатыпты.

– Жабдықтау мәселесі бұрыннан бар, нарық бағытын өзгертіп жатыр. Сонымен қатар қарқынды өсімді де байқау қиын емес. 2023 жылы ассортимент айтарлықтай кеңейді және нарыққа қатысушылар арасындағы бәсекелестік күшейіп барады.

Кейбір ойыншылардың салонында кезек пайда болды, алайда жеткізу жоспарын түзеп үлгерді және осы жылға арналған болжамдар анағұрлым консервативті. Біздің сарапшыларымыз нарықтың өсуі 10-15 пайызды құрайды деп болжап отыр, – дейді Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева.


Ал енді былтырғы Қазақстандағы ең танымал 10 модельді тізімдеп көрсек, көшті Chevrolet Cobalt (30 425 бірлік) бастап тұр. Екінші орында – Hyundai Tucson (14 409 бірлік), алғашқы үштікте Kia Sportage (10 503 бірлік) тұр.

Содан кейін Hyundai Santa Fe (7 433 бірлік), Chevrolet Onix (6 000 бірлік), Hyundai Elantra (5 975 бірлік), Hyundai Sonata (4 770 бірлік), Hyundai Bayon (4 740 бірлік), Chery Tiggo 7 Pro (4 309 бірлік) және Chevrolet Nexia (3 958 бірлік).

Сіз қайсысын тізгіндеп жүрсіз?

Асхат ҚОЙШЫҒАРАҰЛЫ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар