Көксу ауданында құнды жәдігерлердің көрмесі өтті

Dalanews 19 қыр. 2023 12:08 1224

Қабылиса жырау, ақын Сара, Темірбек Жүргенов және басқа да танымал тұлғалардың жеке заттары қатарындағы жәдігерлер Көксу ауданындағы Мәдениет күнінде көрмеге қойылды. Көрмеге қойылған әр заттың өз тарихы бар. Мәселен, Қабылиса жыраудың ағаш төсегінің сақтаулы тұрғанына 200 жыл болған. Оны қазір жыраудың бүгінгі ұрпақтары көздің қарашығындай сақтап ұстап отыр. Көрмеде жеке заттармен қатар музыкалық аспаптар, ыдыс-аяқтар, ұлттық киім-кешектер, картиналар, кітаптар, кілемдер, басқа да тұрмыстық заттар, барлығы 1500 бұйым қойылды.

Аудандағы Мәдениет күні өткен Балпық би ауылындағы мәдениет үйінің алды ұлттық реңке толы көшпелі көрмеге айналды. Арнайы тігілген 6 киіз үйдің әрқайсысының мазмұндық безендірілуі биыл мерейтойлық жылы болған Қабылиса жырау, ақын Сара, Темірбек Жүргенов, Мұқан Төлебаев, Кемел Тоқаев, Бикен Римоваға арналды. Ал 7-ші киіз үйде қойылған көрмеде Көксу ауданының даму тарихы мен аудан халқының жетістіктері паш етілді.

Аудан әкімі Марлен Көлбаевтың айтуынша, бұл шараны ұйымдастырудағы мақсаты - аудан тұрғындарына еліміздің әр қиырынан жеткізілген тарихи жәдігерлерді көрсету.

– Жеті – қазақ халқы үшін ерекше мәні бар киелі сан. Сондықтан бүгін алаңға  өз ауданымызда жасалған 7 киіз үй тіктік. Көрмеге Алматыдағы, облысымыздың аймақтарындағы түрлі музейлердің жәдігерлері, сонымен қатар отбасылық мұрағаттардағы жеке бұйымдар да әкелінді. Олардың барлығы қазақ халқының мәдениетін танытатын, тұрмысын көрсететін заттар, – деді Марлен Көлбаев.

Сондай-ақ ол Көксу ауданында өткен 8 айда аудан орталығын ғана емес, 10 ауылдық округті де қамтыған 340 мәдени шара өткізілгенін атап өтті. Соның ішінде мультфильм, көркем фильм көрсету, сол сияқты жастарды елжандылыққа тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, саламатты өмір салтын насихаттау бағытындағы бұқаралық іс-шаралар да бар.

Аудан тұрғындары мен қонақтары көшпелі музей көрмелерімен танысып, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Мектеп оқушылары өздері салған суреттерін, жасаған қыш-құмыра бұйымдарын көрсетсе, аға буын кілем тоқу, тері илеу, киіз басу, құрақ құрау, көрпе тігу сияқты қолөнер түрлерін паш етті. Сол сияқты аудан аумағында тұратын басқа ұлт өкілдері де ұлттық көрмелерін ұйымдастырды.


Ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар да өздері өсіріп, өндірген экологиялық таза азық-түліктерін көпшіліктің назарына ұсынды. Ауданда картоп, пияз бен сарымсақ, қырыққабат, қызанақ пен қияр, көкөністің басқа да түрлері, жеміс-жидектер өсіріледі. Көрмеде асыл тұқымды мал шаруашылықтарының жетістіктері де көрсетілді. Соның ішінде аппақ нарлар келушілердің назарын ерекше аударды.

Аудан кәсіпкерлері де көрмеден тыс қалған жоқ. Олар да өз өнімдерін таныстырды. Бұл ретте керамзит кірпіш, тротуар плиткаларының бірнеше түрі, құрылыс торлары көпшіліктің назарына ұсынылды, сол сияқты келушілер суару маторларын, киіз үйлерді, мотоблоктарды құрастыратын кәсіпорындардың да өнімдерімен танысты.

Көксу ауданының Мәдениет күні шарасының қорытындысында жергілікті өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы қойылды.

– Мәдениет – әрдайым қолдап отыруды қажет ететін сала. Бұл сала ең алдымен халықтың салт-дәстүрін сақтауға, рухани қуатын арттыруға, мәдени мұраларын байыта түсуге, жастарға патриоттық тәрбие беруге ықпал етеді. Бұл ретте облыс басшылығының қолдауымен өткен жылдан бері нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізіліп келеді. Соңғы үш жылда 7 мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу, 1 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалды. Сол сияқты Жарлыөзек ауылындағы мәдениет үйі құрылысының ЖСҚ-сы әзірленуде. Келесі жылы құрылыс жұмысын бастаймыз. Биылғы жылы ауданда 2 жаңа мектеп пен 2 ФАП пайдалануға берілді. Республика күніне қарай  блокты модульді конструкциялардан тұрғызылған 4 медпунктті, 2 өрт сөндіру пунктін, салынып жатқан 6 балалар алаңының 2-еуін ашамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді жоспарлары туралы ой бөліскен Марлен Көлбаев.

Мерекелік шарада келушілер тегін сірне, палау, ыстық бауырсақтан дәм татты.

Еске салсақ, облыста аудан, қалалардың «Жер жәннаты – Жетісу» атты мәдениет күндері қыркүйек айынан басталған болатын. Мерекелік шара бүгінге дейін Ақсу, Панфилов, Көксу аудандарында өтті. Мәдениет күндері 30 қыркүйекте Талдықорғандағы Қала күні мерекесімен түйінделеді. Ал аудан, қалалардың мәдениет күндеріне бастан-аяқ қатысып, қазылық еткен мәдениет қайраткерлері, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қызметкерлері жеңімпаздарды анықтап, жүлдегерлерді марапаттау шарасы қараша айында Талдықорғанда өтеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар