Көкшетауда қарызын уақытылы өтей алмаған кәсіпкердің қазасына байланысты сот үкімі шықты. Іс өзін-өзі өлтіруге жеткізу дерегі бойынша қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айыпталушылар қатарында Щучинск қаласының екі тұрғыны мен Көкшетау қаласының бір тұрғыны болды. Біріншісі бұрын сотталған болса, қалған екеуі ауыр қылмыстар үшін жауапқа тартылған.
Іс материалдарына сәйкес, жергілікті кәсіпкер танысы арқылы Көкшетау тұрғынынан ірі көлемде ақша қарызға алады. Алайда ол белгіленген мерзімде борышын қайтара алмайды. 2017 жылдың желтоқсанында ер адам өзіне-өзі қол жұмсап, басынан тапаншамен атқан.
Осы оқиғадан кейін қарыз берген адам мен оның Щучинскідегі танысы марқұмның өзге танысы арқылы ақшаны қайтарып алмақ болған.
"2020 жылы жәбірленуші айыпталушылардың қоқан-лоққысынан кейін гаражын, жер телімін және пәтерін марқұм досының қарызының бір бөлігін өтеу үшін олардың атына аударып берген. Сол жылдың желтоқсанында ол асылып көз жұмған. Артында “менің өліміме бірінші айыпталушы кінәлі, ол мені досымның қарызы үшін барлық мүлкімнен айырды” деген мазмұнда хат қалдырған", — делінген сот хабарламасында.
2023 жылы бірінші айыпталушы тағы бір кәсіпкерден кафе мен дүкен иесінен "бизнесіңнен айырыласың" деп қорқытып, 10 млн теңге талап еткен. Көп ұзамай сол кәсіпкердің кафесінде өрт шыққан. Өрттің себебі анықталмағандықтан, іс тоқтатылған. Кейін жәбірленуші ҰҚК департаментіне жүгінген. Осыдан соң айыпталушылар қайта қоқан-лоқы көрсетіп, 5 млн теңге талап еткен. Ақшаны тапсыру кезінде олар ұсталды.
Тергеу барысында олардың заңсыз қару сақтағаны және есірткі затын иемденгені анықталған.
Сот үкімі бойынша:
- Щучинск тұрғыны (бірінші айыпталушы) — қорқытып алу, қаруды заңсыз сақтау және адамды өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізгені үшін 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды;
- Екінші айыпталушы (Щучинск тұрғыны) — қорқытып алу және психотроптық затты заңсыз сақтау бабы бойынша 5 жылға сотталды;
- Үшінші айыпталушы (Көкшетау тұрғыны) — өз бетінше билік ету және адамды өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізу бабы бойынша 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сот олардың әрқайсысынан 2020 жылы қайтыс болған ер адамның туыстарына 3 млн теңгеден, ал кафе иесіне 350 мың теңгеден өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.