Көкшетаудағы қайғылы оқиғаға байланысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалды

Көкшетаудағы қайғылы оқиғаға байланысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалды
видео кадры

Көкшетауда жалғызбасты ананы қағып өлтірген әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полицияның мәліметінше, ол ешқашан көлік жүргізуді оқымаған және автокөлік басқаруға мүлде құқығы болмаған.

Адам өліміне әкелген жол апатынан кейін әйелге қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мәліметіне сәйкес, бұл іс адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты ашылған.

Сонымен қатар күдіктінің күйеуіне де іс тіркелді. Тергеу нұсқасы бойынша, жол талғамайтын көліктің иесі жүргізуші куәлігі жоқ адамға рөлге отыруға рұқсат берген.

Сот шешімімен әйел үйқамаққа алынды.

Еске салайық, Көкшетауда тұрғын үй аумағындағы автотұраққа кіріп келе жатқан көлік әйелді қағып кетіп, оқиға салдарынан ол көз жұмды. Қайғылы жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. 

Марқұмның туыстарының айтуынша, отбасы сол күні қыз ұзату тойына байланысты Көкшетау қаласына жиналған. Әулет үлкен қуаныштың қамымен жүрген.

Қаза тапқан әйелдің артында 12 жастағы баласы қалған.