Түркістан облысы Сайрам ауданында 20 жастағы жігітті 25-30 адамнан құралған топ аяусыз соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі мәліметінше, Сайрам ауданының тұрғыны дене жарақатымен ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама полицияға 7 ақпанда түскен.
"Оқиға орнына жедел тергеу тобы шықты. Полиция қызметкерлері қажет іс-шараларды атқарып, барлық қатысушыны, сондай-ақ, оқиғаның куәларын анықтады. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті екі тұрғын ұсталды", - деп жазылған хабарламада.
Ұсталғандарға қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған.
"Қазір барлық мән-жайды жан-жақты, толық анықтауға бағытталған тергеу жалғасып жатыр. Туыстарының айтқан уәждері зерттеліп, тексеріледі. Қазіргі таңда жәбірленуші медициналық мекемеде емделіп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады", - деді полиция.
