Сот барысында тергеушінің айыпталушы Аркадий Клебановқа медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулысы қаралды.
Бірқатар жәбірленушінің тарапынан сотты жабық өткізу туралы өтініш түскені белгілі болды.
"Сот аталған адамдар мен олардың отбасы мүшелерінің жеке өміріне қатысты мәліметтердің жария етілуіне жол бермеу қажеттігін ескере отырып, осы өтініштерді қанағаттандырды. Бұдан әрі сот талқылауы жабық режимде жүргізілетін болады", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Айта кетелік, Алматыда 14 қыркүйекте журналистерге шабуыл ісі бойынша сот процесі басталды. Зардап шеккендердің арасында журналист Самал Ибраева, YouTube блогер Бадим Бәрейкө, сондай-ақ журналистер мен қоғам белсенділері Гүлнар Бәжкенова, Гүлжан Ерғалиева, Динара Егеубаева және Роман Егоров бар.
Ішкі істер министрлігінің хабарлағанындай мұның артында Аркадий Клебанов есімді Қазақстан азаматы тұрған. Қазақ журналистеріне қастандық жасауды көздеген Клебановқа Қылмыстық кодекстің 115-бабы «Қорқыту», 147-бабы «Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу», 158-бабы «Журналистік қызметке кедергі жасау», 202-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» және 293-бабы «Бұзақылық» бойынша қылмыс жасады деген айып тағылып отыр.
«Өзінің заңсыз жоспарларын жүзеге асыру үшін Клебанов-Маневич хакерлер мен әрекеттерді орындаушылар тобын жалдады. Ол арандатушылықтың мақсаттары мен нұсқаларын өзі таңдады. Ол криптовалютамен операциялардан түскен пайдадан орындаушыларға қаламақы төледі”, – делінген ІІМ хабарламасында.
Жауап алу кезінде ол шабуылды өз бетінше ұйымдастырғанын, себебі қазақстандық бірқатар БАҚ өкілдеріне бұрыннан келе жатқан талабы бар екенін айтқан.