Жантүршігерлік жағдай: тас сынығы жігіттің көзін тесіп өткен

Жантүршігерлік жағдай: тас сынығы жігіттің көзін тесіп өткен
Алматы қаласы Қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы

Алматыда офтальмологтар көзден тас сынығын алып тастады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жігіт балғамен тас шағып жатқан сәтте тас сынығы көзіне тиіп, бірнеше қабықшаны тесіп өткен. Қасаң қабық, көз бұршағы, нұрлы қабық және көздің терең құрылымдары зақымданған.

Офтальмологтар көру қабілетін сақтап қалу үшін зақымданған құрылымдарды кезең-кезеңімен қалпына келтірген.

"Жарақат өте ауыр болды, тас сынығы көздің ішіне терең еніп кеткен. Күрделі ота жасадық. Қабықшаны тігіп, жарақаттан пайда болған катарактаны алып тастадық, көз бұршағын бекітіп, нұрлы қабыққа пластика және витрэктомия жасадық. Ота барысында сынықты тауып, шығардық, кейін көз құрылымын сақтау үшін силикон майын салдық", - деді Алматының орталық қалалық клиникалық ауруханасының офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Әбдірайымова.