Сұр дилерлерге есік тарылды: автонарықта жаңа тәртіп

Сұр дилерлерге есік тарылды: автонарықта жаңа тәртіп
Фото: freepik

Қазақстанда "сұр" жолмен көлік әкелуге бақылау күшейді. Енді жеке тұлғалардың атына рәсімделген кейбір автомобильдер сауда үшін жеткізілген көлік ретінде қарастырылып жатыр. Соның салдарынан алдын ала тапсырыс беріп, ақшасын төлеген азаматтар қосымша шығынға тап болуы мүмкін. Бұған мемлекет пе, әлде делдалдар жауап бере ме? Dalanews.kz мәселенің мән-жайын саралап көрді.

Биыл 21 шілдеде Үкімет “сұр” автокөліктер импортына қарсы шара қабылдайтынын мәлімдеген еді. Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне заңсыз көлік тасымалына тосқауыл қоятын кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Кедендік бақылаудың 1 қыркүйектен бастап күшейетіні де сол кезде айтылды.

Алайда бұл жаңа шектеу емес. Бұған дейін де бір адам шетелден жеке пайдалану үшін жылына бір ғана көлік әкеле алатын. Бірнеше автомобиль кіргізген жағдайда, кеден оны сауда мақсатында әкелінген деп есептейді.

Осы талапты айналып өту үшін кейбір делдалдар сатуға арналған көліктерді компанияның емес, қызметкерлері мен туыстарының атына рәсімдеп келген. Құжат жүзінде автомобиль жеке адамға тиесілі болғанымен, іс жүзінде ол тапсырыс берген клиентке сатылған. Осы тәсіл арқылы делдалдар коммерциялық импортқа салынатын салықтар мен кедендік төлемдерден жалтарып, көлікті арзан бағамен ұсынған.

Төмен бағаның сыры неде?

Көлік сатып алатын адамды алдымен оның соңғы бағасы қызықтырады. Мұны білетін делдалдар жеткізу мен рәсімдеу шығындарын қосып, дайын бағаны ұсынады.

Алайда бағаның арзандығы заңдағы жеңілдікке емес, кедендік бақылаудың осал тұсына негізделсе, брокер оны клиенттен жасырмауы тиіс.

Қарапайым сатып алушы жеке және коммерциялық импорттың айырмасын, қандай декларация толтырылатынын немесе кедендік төлемнің қалай есептелетінін білуге міндетті емес. Ол осы істі білетін маманға сеніп, қызметіне ақша төлейді.

Сондықтан делдалдың міндеті көлікті шетелден жеткізумен ғана шектелмейді. Ол рәсімдеу кезінде туындауы мүмкін қосымша шығын мен өзге де тәуекелдерді алдын ала түсіндіруі тиіс.

Оның үстіне, бақылаудың 1 қыркүйектен бастап күшейетіні 21 шілдеде Үкімет отырысында ашық айтылды. Бұл ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында да кеңінен тарады. Демек осы күннен кейін тапсырыс қабылдаған брокерлер алдағы өзгерістен бейхабар болды деу қиын.

Клиентке таңдау берілді ме?

Егер делдал көліктің жеке тұлғаның атына рәсімделетінін және кеден қосымша төлем талап етуі мүмкін екенін алдын ала ескертсе, клиент тәуекелді біле тұра шешім қабылдаған деп айтуға болады. Ал бұл ақпарат жасырылып, бастапқы баға өзгермейді деп уәде берілсе, жауапкершілікті тек мемлекетке артуға болмайды.

Сауда үшін әкелінген көлік жалпы тәртіппен рәсімделіп, оған баж, салық және басқа да алымдар төленеді. Төлем көлемі автомобильдің шығарылған жылына, қозғалтқышының түрі мен көлеміне байланысты есептеледі. Бұл талап электромобильдерге де қатысты.

Сондықтан делдал клиентке көліктің қалай рәсімделетінін және қандай жағдайда бағасы өсуі мүмкін екенін алдын ала түсіндіруге тиіс.

Жауапкершілік кімге жүктеледі?

Қазір кейбір делдалдар елге жеткізіліп қойған көліктерді бұрынғы тәртіппен рәсімдеуге мүмкіндік беруді сұрап отыр. Алайда кедендік бақылаудың күшейетіні екі ай бұрын ескертілді. Соған қарамастан тапсырыс қабылдап, клиенттің ақшасын алған брокерлер енді туындаған мәселенің жауапкершілігін мемлекетке ысыруға тырысып отыр.

Егер оларға жеңілдік жасалса, заң талабын сақтап, барлық салық пен кедендік төлемді толық өтеген компаниялармен арада теңсіздік туады. Өйткені біреулер көлікті ресми тәртіппен әкелсе, енді біреулер оны жеке адамның атына рәсімдеп, арзан баға ұсынған.

Сондықтан бақылаудың күшеюін ресми дилерлерді қолдау деп қана қарауға болмайды.

Мемлекет те, делдал да жауаптан қашпауы тиіс

Мемлекеттік органдар жаңа тәртіптің қалай қолданылатынын халыққа анық түсіндіруі тиіс. Елге жеткізіліп қойған көліктердің тағдыры не болатыны және оларға қандай талап қойылатыны да ашық айтылуы керек. Ереже барлық өңір мен кеден бекетінде бірдей қолданылғаны жөн.

Алайда бұл делдалдарды жауапкершіліктен босатпайды. Бақылаудың 1 қыркүйектен бастап күшейетіні екі ай бұрын жарияланды. Сондықтан қазір “біз білмедік” деу қисынсыз.

Егер брокер барлық қауіп-қатерді алдын ала ескертіп, клиент соған қарамастан көлікке тапсырыс берсе, шешімге екі тарап та жауапты. Ал қосымша төлем шығуы мүмкін екені жасырылса, шығынды кім өтейтіні делдал мен клиент арасындағы келісімге сай шешілуі керек.

“Сұр” импортқа қойылған тосқауыл көлік бағасына әсер етуі мүмкін. Бірақ нарықта кімнің өзі үшін көлік әкелгені, кімнің саудамен айналысып жүргені анық болуы тиіс. Делдалдың міндеті - көлікті қандай жолмен болса да өткізу емес, клиентке заңды әрі ашық қызмет көрсету.