Бүгінгі цифрлы заманда балалардың бос уақытын телефон, планшет, теледидар сияқты құралдар алып қойғаны жасырын емес. Алайда кітап – баланың ой-өрісін кеңейтіп, тіл байлығын арттыратын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын ең басты құрал. Сондықтан ата-ана мен мұғалімнің міндеті – баланың кітап оқуға деген қызығушылығын ерте жастан қалыптастыру, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кітап оқу арқылы бала сөздік қорын байытады, логикалық ойлау қабілеті дамиды, шығармашылықпен ойлауға бейімделеді, әдеби тілді меңгереді және эмоциялық интеллектісі қалыптасады.
Жақсы кітап – баланың ішкі жан дүниесін тәрбиелейді, дұрыс шешім қабылдауға үйретеді, өзгелердің жағдайына түсіне білетін тұлға ретінде қалыптастырады.
Қызығушылықты қалай оятуға болады?
1. Үлгі болыңыз
Бала ең алдымен ата-ананың іс-әрекетіне қарайды. Егер сіз үнемі кітап оқып отырсаңыз, бала оны ерте ме, кеш пе қайталайды. Кешкі уақытта 10-15 минутты бірге кітап оқуға арнаңыз.
2. Баланың жасына сай кітап таңдаңыз
Кейде балалар кітапты қызықсыз деп санайды. Себебі ол кітап оның жасына немесе қызығушылығына сәйкес келмейді. 5-7 жастағы балаға қысқа, суретті ертегілер, ал бастауыш сынып оқушысына танымдық әңгімелер, қызықты оқиғаларға толы кітаптар ұнайды.
3. Бірге талқылаңыз
Оқыған кітап бойынша сұрақ қойып, ой бөлісіңіз. «Саған қай кейіпкер ұнады? Неліктен? Егер сен оның орнында болсаң, не істер едің?» деген сұрақтар баланың сыни ойлауын дамытады.
4. Кітапты қолжетімді ету
Үйде баланың өз бұрышы болсын. Сол жерде оның кітаптары жинаулы тұрса, ол бос уақытында өзі-ақ оқуға ден қояды. Сондай-ақ, кітапханаға бірге барып тұру да қызығушылықты арттырады.
Мектеп кітапханалары – жаңа даму сатысында
Соңғы жылдары балалардың кітапқа қызығушылығын оятуға бағытталған жүйелі жұмыстар мектептер деңгейінде де қолға алынды. 2023 жылдан бері іске асып жатқан «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп кітапханаларының қоры 1,6 миллион дана көркем әдебиетпен толықты. Бүгінде еліміз бойынша жалпы кітап қоры 141 миллион данадан асып отыр.
Осы кітаптарға қолжетімділікті жеңілдету үшін RFID технологиясы енгізілуде. Бұл жүйе кітаптарды автоматты түрде есепке алып, оқырман іздеген кітапты жедел табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 20-дан астам кітапханада сканерлеуші роботтар жұмыс істей бастады. Мұндай заманауи әдістер балалар үшін кітапхана кеңістігін тартымды, ыңғайлы әрі қызықты етеді.
Кітапханашылардың біліктілігі де назардан тыс қалмауда. 2024 жылдың өзінде 1 775 мектеп кітапханашысы арнайы курстардан өтті, бұл жұмыс 2025 жылы да жалғасын табады. Бұл – мектеп кітапханаларын балалар үшін тек кітап сөрелері емес, шынайы білім мен қарым-қатынас орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадам.
Бала кітапқа достай қараса, ол өмір бойы өзін дамытуға ұмтылады. Ал мектеп пен отбасы бірлесе отырып, оған дұрыс бағыт берсе – кітап тек оқу құралы емес, бала өміріндегі сенімді серігіне айналады. Кітапхана мен кітапқа деген сүйіспеншілік – тек баланың емес, тұтас ұлттың болашағына жасалған инвестиция.