Әлеуметтік желіден Әдеміні алғаш көргенде қатты таң қалдым. Кішкентай ғана бүлдіршіннің патриоттығы сүйсінтпей қоймады. Ту көрсе кез келген жерден қиып алып, одан қалды киіміне жапсырып, тіпті біреудің көлігінен көрсе де жабысып айрылмай қалуы оның ерекше патриоттығынан хабар берсе керек. Ал жүргізуші куәлігінен немесе жеке куәлік секілді құжаттардан, одан қалды кез келген жерден қиып алған ту үшін ата-анасының қабық шытпауы тіпті қуантты. Кішкентай патриоттың анасымен тілдесуге асықтым.
Құжаттағы туды қиып алған
«Патриот кейіпкер іздегенде бізді Әдемінің әрекеті қатты сүйсіндірді. Өзіңіздің реакцияңыз қалай болды алғашында?» деген сауалдан бастадық Әдемінің анасымен сұхбатымызды. Басқа басқа құжаттағы туды қиып алудың машақаты көп екені рас. Өйткені ол құжатты қалыпқа келтірудің өзі оңай емес.
Бұл туралы шыдамды ана «Әдемі кішкентай кезінен еліміздің әнұраны мен туды жақсы көреді. Қолына еліміздің көк туы түссе тастамай ұстап жүретін еді. Өзіміздің отбасымызда, туған туыстың ортасында оның әнұран мен туымызға деген құрметі мен ықыласын сүйсініп айтып отыратынбыз өзара.
Бір күні сіңілім оның сол әрекеттерін «әлеуметтік желіге салайықшы» деп өтініп қоймаған соң сала салған болатынмын. Бір күннің ішінде бірнеше миллион жинап сол видео көпшіліктің назарын аударды.
Халықтың ықыласын көріп кейін оның сол әрекеттерін ұдайы салып отыратын болдым. Басынан-ақ оның әрекетін құптаушылар көп болды. Видеоны көргендердің барлығы оны қолдап, назарын аударатын» дейді.
Бізді ғана емес халықтың да ерекше назарын аудартқан Әдемінің қылығы кейін тұрақты түрде анасының парақшасынан көрініс табатын болған.
Тудың суретін үйдің әр бұрышына іліп қойғанды жақсы көреді...
«Парақшаңыздан байқағанымдай туды, байрағымызды ақшадан,
жүргізуші куәлігінен қиып алыпты. Басқа тағы қандай оқиғалар орын алды?» деп сұрадық анасынан.
«Балабақшадан келе салып, көк және сары түсті қарындашпен тудың суретін салып, үйдің әр бұрышына іліп қойғанды жақсы көреді. Қолына ту ұстап жүргенді жақсы көреді.
Өздеріңіз байқағандарыңыздай ақшадан немесе киімде болса кез келген жерден қиып алады да өз киіміне жабыстырып алғанды жақсы көреді. Еліміздің рәміздеріне деген сондай бір ерекше махаббаты бар.
Одан бөлек әлемді танытқан әнші Димаш Құдайбергеннің орындауындағы әнұранымызды, Ескендір Хасанғалиев атамыздың орындауындағы «Атамекен» секілді париоттық әндерді қосып алып үнемі тыңдап жүреді.
Патриоттық әндерді бар дауысына шығарып қойып тыңдағанды жақсы көреді. Әдемінің бойындағы талантты біз екі жасынан бастап байқадық. Өте зерек болды. Бірнеше елдің альфавитін қатесіз жазып бере алады. Сандарды санға қосып жаза алатын сол екі жасында ақ. Сурет салатынын да ерте байқадық.
Үйде оған толықтай шығармашылық еркіндік беруге тырысамыз. А4 қағазды айлығымыз түсе сала әртүрлі бояуларымен, үйге әкеліп қоятынбыз. Дайындық курсынан келе салып, қағаздарын алып отыра қалатын. Әлі сол. Сүйікті ісі ән тыңдау, әсіресе классикалық әндерді тыңдауды жақсы көреді. Димаштың әндерін күніне бірнеше мәрте тыңдап жүреді. Оның дауысын жақсы көреді.
Әдеміге аяғым ауыр екенін 17 аптасында бірақ білген едім. Эндокринологтан ем қабылдап жүргендіктен және гармондық дәрілерді көп ішіп қойғандықтан дәрігерлер маған бірден жасанды түсік жасауды ұсынды.
Бірақ УЗИ-де қол-аяғы сап-сау жатқан баланы алдыруға жүрегімнің дәті бармады. Ол кезде «аутизм» деген сөзді атымен естіп көрмегем. Сәби аман-сау дүниеге келді. 1 жасына дейін уілдеп, гуілдеп сау баладай дамып келе жатты.
1 жасындағы екпеден соң 1 апта қызуы көтерілді де, мүлде мен танымайтын Әдеміге айналды. Ескерте кетейін екпе жәй ғана ауруды қоздырушы күш болды деп есептеймін. Атын атаса қарамайды, айналамен шаруасы жоқ, бір орында айналып жүре береді, «келдің бе», «кеттің бе» назар аудармайды, басына ауыр жастықты басып алып жатқанды жақсы көреді. Өзіне ғана белгілі әлемі бар. Сол күннен бастап біз күресті бастадық.
Баланы емге апармаған жеріміз, ішпеген дәріміз жоқ. Аутизм – ми құрылымы дамуының бұзылуы, әлеуметтік өзара әрекеттесудің бұзылуы ғой енді. Бірақ аутизмнің де ОРВИ секілді неше түрі бар. Қызым сөйлемесе де сондай дарынды, ұшқыр ойлы, сондай зерек болып өсіп келеді.
2 жасынан күллі әріптер мен сандарды, түстерді жатқа біледі. Сурет салғанды өте жақсы көреді. Суретті және үлкен адамнан артық салады. Әнұранмен оянып, әнұранмен ұйықтайды, қолынан көк туын тастамайды» дейді ерекше бүлдіршіннің анасы.
Сондай-ақ «әрине, адамға жағымсыз іс-әрекеттері де жоқ емес. Қалыптасып қалған стимдер мен іс-қимылдар. Көп сөзді әлі түсінбейді, гипербелсенді. Өзімен өзі күлуі мүмкін. Ешкімге бағынбай жылауы мүмкін. Бірақ ол, көп адам ойлайтындай оның тәрбиесіздігінен емес, ерекшелігінен» дейді анасы.
Әдемі әлемдегі бірнеше елдің туын жатқа біледі
Елін жанындай жақсы көретін бүлдіршіннің жалпы қандай бала екені де бізді қызықтырды.
Бұл туралы анасы «Әдемі біздің ерекше балақай. Оған аутизм деген диагноз қойылған. Жақында жеті жасқа толды. Бірақ әлі сөйлемейді. Аутизм деген ауруды білесіз ғой иә, баланың қоғаммен әрекеттесуінің бұзылуы, ми құрылымы дамууының бұзылуы секілді өзгерістері бар.
Бірақ соған қарамастан өте зерек, алғыр. Есте сақтау қабілеті күшті. Тіпті көзбе көз жаттап алады кез келген нәрсені.
Біздің еліміздің ғана емес әлемдегі бірнеше елдің туларын жатқа біледі. Олардың әрқайсысының астына сол елдің аттарын жазып қояды.
Сөйлемесе де қылықты, тентек бала. Фантазиясы мықты. Неше түрлі нәрсе ойлап тауып жүреді. Мультфильмнің кейіпкерлерінің суретін жақсы салады. Әрбір қимыл қозғалысын есте сақтап, қағазға айнытпай түсіреді. Суретті жалпы үлкен адамдар секілді жақсы салады.
Ермексазбен мультфильмнің кейіпкерлерін жақсы жасайды. Өте тез, жылдам, сүйкімді етіп жасай қояды. Жалпы клей, қайшы, ермексазбен жақсы жұмыс жасай алады. Тіпті кейде қағаздан үстіне киім жасап алады. Өте бір сондай пысық қыз деп айта аламын» дейді.
Министрлік сый жасаған
Әлеуметтік желіде Әдеміге министрлік тарапынан сый жасалғанын байқап қалған едік. Келесі сұрағымыз осы тұрғыда өрбіді. «Әдемінің патриоттығына таң қалған Қалқаман Сарин ағасы мен министрлік тарапынан сый жасалыпты.
Тағы патриот қыздың әрекеті кімдердің назарын аударды?» деген сұрағымызға орай, «Ақын ағамыз Қалқаман Сарин менің парақшама бұрыннан жазылған болатын. Сол менің парақшамнан байқап Әдеміге тудың суреті бар естеліктер сыйлады. Мен де өлең жазамын, ақынмын. Сондықтан Қалқаман ағамен тығыз қарым-қатынаста араласатынмын.
Содан менің парақшамнан Әдемінің қылықтарын, өнерін көріп сүйсініп жүретін. Бір күні екі мың теңгелік ақшадағы тудың суретін қиып алып, футболкасына жапсырып алғанын көріп, «мен өзім Әдеміге сый жасағым келеді» деді.
Сол әңгімеден соң ту мен елтаңбаның төсбелгісін сыйға тартты. Сондай-ақ, видеоны желідегі парақшама салған күні министрліктен хабарласты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Геральдикалық жұмыс басқармасынан хабарласып, Әдеміге сый сияпатымызды жасап барсақ бола ма деп сұрады.
Қуана қабыл алдым. Үйге келіп, көптеген сый жасады. Оның ішінде туымыз, киіз үй бейнесіндегі радио сыйлады. Одан халықымыздың көптеген мақал мәтелдері, жыр термелерін, дәстүрлі әндері, халық ертегілері мен айтыстарын да тыңдауға болады екен. Әдеміге күшті ермек болды. Қолынан тастамай тыңдап жүреді» дейді.
Тудың суреті бар киімдері де көп
Алайда туға деген соншалықты құштарлығына қарамастан Әдемінің анасы оған тудың суреті бар сый жасауға талпынбапты. «Алайда еліміздің түкпір түкпірінен принт орталықтар мен дүкендердің иелері хабарласып Әдеміге сый жасағымыз келеді» деп көп тудың, байрақтың суреті бар киімдер жібере бастады.
Шымкент, Алматы, Семей, Астананың өзінен де, Қарағандыдан Әдемінің аты жазылған, ту бейнеленген көп сыйлар, футболкалар, жейделер жібере бастады. Одан бөлек «Көркем бренд» деген қазақша ұлттық нағыштағы шапан тігетін цех әдемі шапан тігіп берді.
Қазір ол Әдемінің ең сүйікті киіміне айналды. Күндіз түні тастамай киіп жүреді. Балабақшаға ол киімсіз бармайды. Сондай күйге жетті. Сондай-ақ көшеде ту ілініп тұрса, көліктердің алдында ту ілініп тұрса шаттанып, мәз мейрам болады. Тоқтап тұрған көлік болса ішіне кіріп туды алуға әрекет жасаған күндері де болды» дейді.
Әдемінің ата-анасымен де танысқымыз келді. «Біз жолдасым екеуіміз де шығармашылықтың адамдарымыз. Өлең жазамыз, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесіміз. Біз үш баланың ата-анасымыз. Үлкеніміз - Диляра, 10 жаста. Биыл 4 сыныпты аяқтайды. Әдемі – үйдің екіншісі, 7 жаста. Ұлымыз Әлихан – 5 жаста» дейді Әдемінің анасы Айзада Рахымжанова. Кішкентай ғана жүрегіне елін, жерін сүйетін, құрметтейтін сезім берген Әдемінің әрекеті басқа да қазақстандықтарға үлгі болғай!