«Кімдігін» іздегендер көші

Dalanews 10 қар. 2016 14:32 1095

 

(Әуезхан Қодар рухына арналады)

Ол ұлтын сүйе тұра, космополит болды, космополит бола тұра, ұлтын шексіз сүйе білді. Оның бұл тұғырлық деңгейін айқындай түсетін тағы бір еңбегі бар. Постмодернизм десе төбе шашы тік тұратын қазақ әдебиетіне ол осы бағыттың мінез-құлқы мен тынысын түсіндіруге тырысып бақты. Себебі Әуезхан уақытпен еркін диалог құра алатын жаңашыл, өзгерісшіл тұлға болды.

Айтатын саған сырым бұл,


Бастаудың мұздай суымен,


Жоқ бола кетсем жуындыр.


Өртенген жанды суындыр.


     Бір жанның кеудесінен төгілген бұл үзік ой екінші бір жанның кеудесіндегі өмір үнімен үндесіп жатты. Оның жаны суынды. Бірақ жер бетіне тастап кеткен ойлары арттағылардың жанын күйдіріп барады. Ол Әуезхан ойлары. Бұл қайдан бастау алып, қай жаққа қарай бет алды?

Сұрақтарға жауапты ойшылды тудырған уақыттың астарынан іздеген дұрыс шығар. Сексенінші жылдары қазақ әдебиетінде, киносында, жалпы мәдениетте жаңа толқын шоғыры қалыптаса бастады. Дәл осы кезде желтоқсан оқиғасы да тарихқа енді. Бұл саяси- мәдени қозғалыстар мидағы «мендік» сананың, кеудедегі «кімдік» сезімнің оянуының нәтижесі болатын. Нәтижелердің нәтижесі бізді саяси құрылымдық тәуелсіздікке жеткізді. Бірақ бұл әлі толық оянудың басталмаған уақыты болды. Тарихи, діни, идеологиялық, мәдени, тілдік, тіпті әліппелік өре қозғалған өзгерістер мен жалпы адамзаттық өркениеттер қақтығысында әбден қайнап шыққан қазақ ұлты ендігі жерде әлеммен кім ретінде сұхбаттаса алады?  Тәуелсіздіктен кейін туындаған бұл сұрақ әдебиетте өз лебін сездіре бастады. Асқар Сүлейменов, Таласбек Әсемқұлов, Әмірхан Балқыбек, Дидар Амантай, Әуезхан Қодар – «кімдігін» іздеген бұл көш ағартушылық бағыттағы Алашорданың өте шашыраңқы түрі сияқты көріне бастады. Осы тұлғалардың ішінде тамырын іздеп шақ ұрып, көшпелілер мәдениетінің көз-құлағымыз әлі жете қоймаған тұңғиығына сүңги білген бірден бір адам ол – Әуезхан Қодар болатын. Ол қазақ әдебиетіне орыс тілді әлемнен келіп қосылды. Ол батыстың классикалық, модернистік әдебиетімен танысып, Ж. Деррида, Ж. Делиез бастаған деконструкциялық постмодернизм ағымымен сусындады да, қазақ тілінде сөйлетті.

Белгісіздеу бағытым да, жасым да,

Кетуім де мүмкін менің құр жаным.

Профессор Доуэльдің басындай,

Менің басым қателіктің құрбаны.

Батыстың мәдени философиялық жауһарларымен әбден шөлін қандырған ол енді өзінің төл сусынын іздей бастады. Сөйтті де қазақ әдебиетінің терең заңдылықтары мен тарихи құрылымдарын зерттеуге кірісті. Ол осы әдеби ізденісте жүріп көшпелілер мәдениеті, көне түркі  мәдениеті, соның ішінде қазақтың төл мәдениеті деген ұғымдарға өзіндік жаңа көзқарас әкелді. Ол әлемге кең қарады, әсіре ұлтшылдықтан биік тұра білді.

«Егер адамдар ғасырлар бойы ұлттық таңбадан ажырай алмаса, ол оның мықтылығынан емес, әлсіздігінен. Өйткені ұлтқа бөліну, шығыс пен бастысқа бөлінудің өзі белгілі тарихи жағдайдан туындаған құбылыс, адамның өз- өзін сақтауының бір амалы. Бірақ космополит болу ұлттық болмыстан айырылу емес, керісінше, оны күрделендіру, белгісіздіктен қорықпау, ө -өзіңді тосын жағдайда сынау.»

  Демек, ол ешқашан сыңаржақтылықты ғылыми еңбектеріне жолатпаған. Ол ұлтын сүйе тұра, космополит болды, космополит бола тұра, ұлтын шексіз сүйе білді. Оның бұл тұғырлық деңгейін айқындай түсетін тағы бір еңбегі бар. Постмодернизм десе төбе шашы тік тұратын қазақ әдебиетіне ол осы бағыттың мінез-құлқы мен тынысын түсіндіруге тырысып бақты. Себебі Әуезхан уақытпен еркін диалог құра алатын жаңашыл, өзгерісшіл тұлға болды.

  Рене Генонның «отырықшы Қабылдың малшы Абылды өлтіргеніндей ақыр аяғында күшті өркениет әлсіз өркениетті өзіне сіңіріп кетеді» деген концепциясына іштей қарсылығы оның бойында көшпелілер мәдениетіне деген аса зор сүйіспеншілік пен қызығушылық тудырып, ақыры ол өркениеттер тарихы тақырыбына ден қойды. Тәңіршілік заманындағы көне түркілік мәдениет оның ерекше әлеміне айналды. Себебі, ол мүмкін біз жоғалтып алған бойтұмарымызды сол бір бұлыңғыр уақыт ішінен тапқандай еді. Әрине, қазірде қоғамдық талас тудыратын Тәңіршілдік идеясына қатысты Әуезханның ойларына да қалайда болмасын азаматтық тұрғыдан құрметпен қарауға тиіспіз деп ойлаймын.

  Ол бір еңбегінде Қорқыт образы туралы ерекше ой пайымдайды. «Исламға дейін түркі халықтарында өлім деген қорқыныш сезімі болмаған. Адам баласы өлгеннен кейін әруаққа айналып, бізбен бірге өмір сүруін жалғастырады. Демек, адам мәңгілік өмір сүреді. Ал, Исламмен бірге келген өлім, жоқ болу түсінігіне деген соңғы қарсылық әрекет Қорқыт образы».

 Ал, Олжан Сүлейменов бір сұхбатында «Қорқыт батып бара жатқан күннің символы болған» дейді.  Осы екі көзқарастың түкпірінде бір үндестік жатқаны анық. Әуезханның жанын жеп, мазасын алған да осы түркілік түсініктер, халықтық тамырымыздың тарих қойнауында жоғалып кеткен іздері болатын.  

     «Көшпелілердің суырып салма синкретикалық мәдениеті Мысыр пирамидалары сияқты – ауа қысымы өзгермейтін, басқа түскен құбылыстарды сол қалпында суретке түсіретін, өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан еске сақтау дәстүрі мықты, басқа замандарға тек тікелей буын алмасу арқылы ғана жететін, аталық қоғамда қалыптасқан «мәңгілік» идеясының көрінісі...»

  «Отырықшылар өзіне уақыт көрінісі ретінде қараса, көшпелілер өзін кеңістік қарақшысымыз деп есептеді. Кеңістікті кеңінен кешкендей, уақыттан да өте шыққысы келді. Бұл - жер мен көктің тепе-теңдігін және күн айналымына негізделген мәңгілік идеясының көрінісі еді».

 Қорқыт кезеңіне дейінгі «Мәңгілік» идеясы туралы ойларын Әуезхан осылай өрбітеді. Осы тұста бір тамаша сұрақ туындайды. Ал қазір біз мемлекеттің идея ретінде алынған «Мәңгілік ел» тіркесін бойымызға қаншалықты сіңіре алдық. Демек, «Мәңгілік» идеясы көктен түскен жоқ. Тамыры бар, тарихи пәлсафалық тектік ұғым. Біз терең түсіне алмағандықтан да сана-сезімізге әлі идеологиялық құрал ретінде қона қоймаған бұл ұғымды Әуезханның анықтап беріп кеткенін біздің қоғам, тіпті, әдебите те әлі байқай қоймаған сияқты. Алашорда бастаған ағартушылық оянудың жаңа кезеңі басталды. «Кімдігін» іздегендер көші мәңгілікке бағыт алып, жолға шығып кеттік. Әуезханның рухы жол сапарда, бізді қорғап -қолдап жүретініне сенемін. 

Мерей Қосын.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар