ÚKI цифрлық инвестициялық монетасы World Money Fair көрмесінде таныстырылды

Кәмшат Тілеухан 28 ақп. 2025 11:37 255

ҚР Ұлттық Банкі Берлинде өткен World Money Fair халықаралық ақша көрме-конференциясында ÚKI цифрлық инвестициялық монетасын таныстырды. Оған қатысудағы негізгі мақсат – "ÚKI цифрлық инвестициялық монетасы" жобасын әлемдік деңгейде таныстыру, соның аясында оны іске қосу және жүзеге асыру ісіндегі негізгі ерекшеліктерді ұсыну, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Халықаралық сарапшылар жобаның инновациялық сипатын, қаржылық сауаттылыққа негізделген бағытын, сондай-ақ Қазақстан теңге сарайы шығарған ÚKI алтын инвестициялық монетасының сапасы мен эксклюзивті дизайнын жоғары бағалады. Монетаның новаторлық концепциясын Ұлттық Банктің дизайнерлері әзірлеп шықты", делінген Ұлттық Банк хабарламасында.

Бұл монеталар Astana International Exchange (AIX) биржасының "TABYS" мобильді қосымшасы арқылы сатылады. ÚKI цифрлық инвестициялық монетасы туралы толығырақ ақпаратты Ұлттық Банктің сайтынан және YouTube арнасынан біле аласыз.

World Money Fair – халықаралық монета қауымдастығын жыл сайын біріктіретін әлемдегі ең ірі нумизматикалық алаң. Оған орталық банктердің, монета сарайларының, монета жабдықтарын өндіруші компаниялардың өкілдері, дизайнерлер, сондай-ақ ірі нумизматикалық басылымдардың мамандары қатысады. Ұлттық Банк бұл шараға 2000 жылдан бері жыл сайын қатысып келеді.

ÚKI инвестициялық монетасы – алтын (Au 999,9), номиналы 100 теңге, салмағы 31,1 грамм.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар