Кезекшілікке шыққан полиция қызметкерлері – азаматтардың қауіпсіздігін күзететін қаһармандар

Асхат ҚОЙШЫҒАРАҰЛЫ 21 ақп. 2024 06:39 3875

Біз, бәріміз балаларымыздың қауіпсіз ортада өмір сүріп, оқығанын қалаймыз. Сондықтан полицияның балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін мойындай отырып, олардың мұндай құқық бұзушылықтардың санын азайтуға бар күш-жігерін салуына көмектесуіміз керек. Осы тұста тәртіп сақшыларының мұғалімдермен және ата-аналармен бірлесе жұмыс істеуі маңызды екенін атап өткен жөн. Өйткені, әдетте, жасөспірімдердің қылмыс жасауының басты себебі – ата-анасының олардың мінез-құлқына тиісті бақылаудың болмауы.

Бәріміз білетіндей, жасөспірімдер көбінесе түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үй-жайлардан тыс және ойын-сауық орындарында болғаны үшін ұсталады. Ішкі істер министрлігіне қарасты кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшелер есепте тұрған жасөспірімдермен, сондай-ақ қолайсыз отбасылармен профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Сол себептен де сала министрі Ержан Сәденов ата-аналардан балаларына мұқият болуды, олармен жиі сөйлесуді, оқуына, қоршаған ортасына қызығушылық танытуды, олармен көбірек уақыт өткізуді сұрайды.

– Рас, білім беру мекемелерінде де жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Олардың әрқайсысына ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен анықтаушылар бекітілген. Еліміздегі барлық мектептер бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Ішкі істер министрлігі жауапты органдармен бірге әзірлеген Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың, суицидтің алдын алудың және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылыққа ықпал ететін себептерді ерте анықтау және алдын алу бойынша ұсыныстар енгізген, – деп атап өтті шенеунік.

Шындығында, ел басшылығының тапсырмаларын орындау, министрліктің жобалары мен бағдарламаларын іске асыру кәсіби және білікті мамандарсыз мүмкін емес. Ал жақында Мемлекет басшысы алқа мәжілісінде полицияны түбегейлі өзгерту қажеттігін айтқан болатын. Президент: «Полиция қашанда халыққа үлгі болуы керек, сонда ғана халық полицияға сенеді, оларға сенім артады», – деді. Сондықтан Ішкі істер министрлігінде 2024 жыл Адам ресурстарын жетілдіру жылы деп жарияланды.

– Биыл орта буын басшыларының кезектен тыс аттестаттауы да өтеді. Бұл жерде біз ешкімді жұмыстан шығару мақсатын көздеп отырған жоқпыз, бірақ бұл қызметтерде кім жұмыс істейтінін көріп, сапалы кадрлық резервті қалыптастыру үшін лайықты мамандарды тапқымыз келеді. Сонымен қатар, бұдан былай жұмысымыз төрт векторлы кадр саясатын жүзеге асыру түрінде құрылымдалатын болады. Біріншісі – әділетті кадр жүйесі. Бұл бағытта біз әрбір мақсатты аудиторияға тиімді тәсілді қолданатын боламыз: мектеп және колледж түлектерін Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне қызықтыру, азаматтық жоғары оқу орындарын бітіріп, әскери борышын өтеп келгендерді ынталандыру, полицияда қызмет етуге тарту. Ал кадрлық резервке алу кандидаттардың рейтингісіне негізделген алқалық шешімнің нәтижесі болмақ, – деді Ержан Сәденұлы.

Оның сөзінше, екінші вектор – тәртіп пен заңдылықты нығайту. Осы жұмыстың бір бөлігі ретінде тұтастықты тексеруді қолдану артатын болады. Сондай-ақ этикалық мінез-құлық алгоритмін әзірлеу жоспарлануда. Үшінші вектор – қызметкерлер арасында корпоративтік рух пен мәдениетті қалыптастыру және инклюзивтілікті қамтамасыз ету. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарымыз полицияға жүгінген кезде қолайсыздықты сезінбеуі тиіс. Ал төртінші вектор, өте маңызды, кәсіби дайындық. Біліктілікті арттырудың үш сатылы моделі енгізіледі. Мұндағы басты критерий – болашақ полиция қызметкерінің интеллектуалдық деңгейі.

– Жас полицейлерді дамытудың маңызды құрамдас бөлігі – ұрпақтар сабақтастығы. Өйткені, алға қойған мақсаттарына жетуге аға әріптестердің озық көпжылдық тәжірибесі көмектеседі. Сондықтан биылдан бастап менің тапсырмам бойынша Ішкі істер министрлігінің барлық құрылымдық бөлімшелерінде тәлімгерлік кеңестер құрылды. Ардагерлеріміз кәсіби кадрлардың қалыптасуына өз үлестерін қосып, қызметте қалуда. Бұл өскелең қызметкерлердің іргетасын дұрыс қалыптастыру үшін өте қажет, – деп түсіндірді министр.

Полицей мамандығы – психологиялық тұрғыдан ең қиын, қауіпті, сонымен бірге таптырмас әрі қажетті мамандықтардың бірі. Бұл - ержүрек, батыл жігіттерге арналған кәсіп, мұнда немқұрайлылық пен жайбасарлыққа жол берілмейді. Полиция қызметкері болу дегеніміз – әртүрлі жағдайда адамдарды қорғау және көмектесу. Адамдар полицияға қоңырау шалу арқылы өзінің қауіпсіздігіне жол ашады. Турасын айтқанда, кезекшілікке шыққан қызметкерлер – азаматтардың қауіпсіздігін күзететін қаһармандар. Олардың күнделікті тәулік бойы қызмет көрсететін, кейде қарапайым адамдарға көрінбейтін қызметі қоғамдық тәртіпті сақтауға және қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді.

Тәуелсіздік жылдары қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында көптеген реформалар орын алды. Иә, әлдкімдер рефрма десе, шоқ басқандай шоршып түсетіні жасырын емес. Бірақ өмір заңы бойынша кез келген салада өзгерістер болып тұруы шарт. Сондықтан құқық қорғау органдарындағы бастамаларды халықтың дұрыс қабылдауы маңызды. Өйткені, қоғамдық өмір заман ағымына сай өзгеріп отыратынын ұмытпауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда учаскелік полицейлер саласы жан-жақты өзгерістердің бастан өткеріп, бүгінде сервистік полиция деңгейіне жетіп отыр.  

– Рас, ішкі істер органдарындағы қызмет өмірге қауіп төндіреді. Тәуелсіздік жылдарында қызмет бабында 817 қызметкеріміз қаза тауып, 4 657 қызметкеріміз жарақат алды. Олардың әрқайсысы өз борышы мен антына адал болды, олар - біз үшін батыр. Біз олардың жарқын бейнесін әрқашан қастерлейміз. Олардың ерлігі - тәртіп сақшыларының жас буынына үлгі. Менің тапсырмам бойынша, мектептерде осындай даңқты есімдермен аталатын кадет сыныптары ашылып жатыр. Ондай батырларымыздың отбасын да ұмытпаймыз. Менің орынбасарларым өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде оларға үнемі барып тұрады. Қайтыс болған қызметкерлердің балалары әкелерінің жұмысын жалғастырғысы келіп, полиция қызметкері мамандығын таңдағанда, ерекше қуанамыз. Біз олардың оқу орындарына түсуіне әрдайым қолдау көрсетеміз, – деді Ержан Сәденов.

Оның дерегінше, қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ерліктері туралы кітаптар жазылып жатыр, бұлар кейінірек фильмнің сценарийіне айналуы да мүмкін. Сонымен қатар әр полиция бөлімшесінде «Міндет. Ар-намыс. Ерлік» - полиция қаһармандарын еске алуға арналған «Ерлік бұрыштары» бар.

Қазіргі таңда ішкі істер органдарында ауқымды өзгерістер жүріп жатыр, жұмыстың сервистік үлгісіне көшу бағытында ілкімді істер қолға алынған. Осы уақытқа дейінгі жетістіктерді атап өтсек, қызметтік модельді және «Полиция жаяу қашықтықта» қағидатын енгізу аясында полицияның қоғамдық орындарда тұрақты болуын қамтамасыз ететін шаралар қабылдануда. Тұрғын үйлердің аулаларында, саябақтарда, аллеяларда жаяу патрульдердің саны көбейген.

– Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, қазіргі заманғы стационарлық полиция бекеттерін қалалардың қылмысқа бейімді аймақтарына орнаттық. Ал қоғамдық орындарда, халық көп шоғырланатын орталықтарда және республикалық маңызы бар жолдарда полицияға жедел қоңырау шалу үшін аудио-бейне ақпараттарды жіберетін «SOS» түймелерін қойып жатырмыз. Осымен қатар, менің тапсырмам бойынша ішкі істер бөлімдерінің басшылары халықпен кездесулер мен есеп беру жиындарын ұдайы өткізіп, тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қояды. Азаматтар полицияға әлеуметтік желі арқылы да хабарласа алады, – деп жеткізді бас полицей.

Оның мәліметінше, 2024-2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы да түрлі заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған. Құжат өткен жылдың соңында үкімет қаулысымен бекітілген. Ішкі істер министрлігі мен оның құрылымдық бөлімшелері ел басшылығы мен қоғамның сенімін ақтау мақсатында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сапалы орындауға қай кезде де сақадай сай.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар