Кейбір журналистер Қазақстанның дамымай қалғанын әлеуметтік желіден көре бастады

Жарбол Кентұлы 25 сәу. 2024 09:42 2665

Редакциядан: Қазір әлеуметтік желілерге қатысты әр-алуан көзқарас қалыптасқан. Біреулер оны қолдаса, енді бірі әлеуметтік желінің қоғамға зияны туралы айтуға құмар. Ең қызығы журналист Ақерке Берлібай «Кедей, артта қалған елдер әлеуметтік желіге байланып қалған» деп еліміздің дамымай қалғанын әлеуметтік желіден көріпті. Ал тағы бір әріптесіміз Нұрлан Жұмахан бұған әлеуметтік желінің түк қатысы жоқ екенін айтып, ойын ортаға салыпты.  

 

Баяғыда атамыз кең байтақ Қазақ елінің дамымай қалғанын көк теңізге тіке шыға алмайтынымен байланыстырып (атымыз өзімен ештеңені байланыстарған емес қой) құлақтан тебуші еді ғой.

Қазір «Қазақпаратқа» шыққан Үкімет пен әкімдіктердің жаңалықтарын көшіріп басатын газеттердің журналистер еліміздің дамымай, сормаңдай болып қалғанын әлеуметтік желіден көретін болыпты.

Күні кеше ғана Ақерке Берлібай деген әріптесіміз «Кедей, артта қалған елдердің тұрғындары интернетке, әлеуметтік желіге байланып қалған. Олар ауыр тұрмыстан қажып, жақсы өмірді желіден іздейді. Дамушы елдерде газет-журнал, кітапты аз оқиды. Дамыған ел тұрғындары қағаз газет-журналдан қол үзген жоқ. Олар күнде таңғы асын газет оқып отырып ішеді» деп ақпарат саласы бойынша өткен бір форумда ойын ортаға салыпты.

Осыған қатысты басқа келген ойды ірікпей бөлісе кеткенді жөн санадық.

Дәл қазір қазаққа жақсы өмірді әлеуметтік желі ұсынып отыр. Желіде жазылушысы көп блогерлердің аузынан ақ майы ағып жүргенін бәріміз білеміз (оларды қандайды бір жемқорлық жолмен байып кетті деп ешкім айта алмасы анық).  Талай адам осы әлеуметтік желі арқылы саудасын жасап, отбасын асыруда.

Бұл аз десеңіз, талай қазақтың «Яндекс таки» платформасын жүктеп алып  таксилетіп жүр. Әр ауылдың тұрғындары «Ауыл сауда» деп ватсаптан топ ашып алып, саудасын қыздырып отыр. Сол сияқты талай жастың Тик-Ток түсіріп, нәпақасын тауып жүргенін қайда қоямыз.

Ал Ютуб пен Фейсбук «ұлттың, халықтың сөзін» сөйлейтін (ойпырмай десеңізші) газеттерді айналып өтіп, халықтың шынайы мұң-зарын билікке жеткізетін инструментке айналғанын екінің бірі егіздің сыңары да біледі.

Ал енді, осыдан кейін мемлекет пен халық әлеуметтік желіден зиян шегіп отыр деп қалай айтуға болады?

Ақерке қарындасымыздың ойынша, кедей елдер ғана әлеуметтік желі де отырады екен. Бұл енді артық сөз. Қазір бүкіл адамзат ұйқыдан тұра салып, смартфонын қолына алып әлеуметтік желіге үңіледі емес пе?

Қарындастың «Дамыған елдердің адамдары таңғы асын газет оқып отырып ішеді» деген сөзі кинодағы көрініс қой. Өткенде еліміздегі газет-журналдардың таралымын арттыру үшін не істеу керек деген талқылау болды, сол жерде кейбір азаматтар қазіргі фильмдерде газет оқып отырған адамдардың көрінісін көптеп көрсету турасында ой айтты. Иә, оған қарсылығымыз жоқ. Көрсете берсін, артық болмас еді.

Газет оқырмандарын көбейтіп, танымалдығын арттыру үшін сыни матариалдарды көбейту керек. Сыпыра мақтауға енді қазақ сенбейді. Солай қарағым.

Айтпақшы, қазір таңғы ас ішіп отырып оқиын Қазақстанда екі газет бар. Олар – «Қала мен Дала» мен Ермұрат Бапидың «Дат» газеті. Осы екі газетті оқып отырып, таңғы асыңызды ішсеңіз бойыңызға тарайды. Байқап көріңіз.

Содан кейін қоғам белсендісі, білікті баспагер Шыңғыс Мұқанның Goffee Book кофеханасына келіп, кофе ішіп отырып «Мазмұндама» қорының шығарған бестселлер кітаптарын оқуға да кеңес береміз.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар