Кентауда 600 отбасы қоныс тойын тойлады

Dalanews 26 там. 2021 08:52 885

Кентау қаласында 600 азаматқа жалдамалы пәтер кілті табысталды. Оның ішінде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 109 пәтер, көпбалалы отбасыларға – 106 пәтер, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санаты бойынша – 227 пәтер, мемлекеттік қызметшілерге – 139 пәтер, авариялық  жағдайда деп танылатын азаматтарға 4 пәтер қаралған, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалдамалы баспанамен қамтылғандардың қатарында қала тұрғыны Қалампыр Тулеубекова да бар. Ол 2015 жылы көпбалалы отбасылар санаты бойынша үй кезегіне тіркелген. Қала тұрғыны осы уақытқа дейін тұрғын үй кезегін үнемі EGOV электрондық порталы арқылы бақылап келіпті.

Көпбалалы ана 6 жылға жуық уақыт бойы тұрғын үй кезегін сабыр сақтап, шыдамдылық танытып күткен. Бүгінде жалдамалы баспанаға қол жеткізген отбасының қуанышында шек жоқ.


Дәл осы секілді қаншама қала тұрғындары көптен күткен тұрғын үйлеріне қолдары жетіп қуанышқа кенелуде.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға дейін Кентау қаласында 3600 отбасыны баспанамен қамту көзделген. Бүгінде осы Жол картасы бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Айта кетейік, қазіргі таңда Кентау қаласында 5 қабатты 60 пәтерлі 5 үйдің құрылысы басталды. Оған қоса 10 үйдің құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар