Кеншілерден ақша бопсалап жүрген атышулы қылмыстық топ мүшелері құрықталды

Сағыныш Сардарова 14 ақп. 2024 09:41 3299

Қарағанды облысының полицейлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, Qarmet АҚ-ның жұмыскерлері мен Абай қаласы тұрғындарын бопсалаған қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Былтыр желтоқсанда Qarmet кеншілерін бопсалаған қылмыстық топ ұсталған еді. Сол кезде қылмыстық топтың 7 мүшесі қамауға алынды. Бірнеше қылмыстық істі тергеу барысында ұсталғандарға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық жасау және қатысу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.

Тергеу әрекеттері барысында жалпы құны 55 миллион теңгеден аса өзге де бопсалау деректері анықталды.

Сондай-ақ, олардың “Қазақстан Темір Жолы” АҚ-ның нысандарынан тауар-материал ұрлау дерегіне қатысы бары анықталды.

Осыған орай биыл 13 ақпанда Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің жедел уәкілдері жоғарыда айтылған қылмыстарға қатысы бар тағы да 8 адамды ұстады.

Полиция қызметкерлері 25 тінту жүргізіп, тіркелмеген атыс және суық қару, оқ-дәрілер және діни кітаптар тәркіледі. Олардың осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы тексеріліп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар