Алаштанушы, ғалым Сұлтанхан Аққұлы Қазақстан 30 жылдан бері Кенесары ханның бассүйегін неге елге қайтара алмай отырғаны жайлы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ғалым "BILGEN DURYS" бағдарламасында айтты. Оның сөзінше, Кенесарының бассүйегін елге қайтаруға түбегейлі қарсы болған адам - экс президент Нұрсұлтан Назарбаев.
"Өйткені Кенесарының бассүйегі келсе, оның халық алдындағы биік абырой-беделі, атағы көлеңкеде қалып қояды. Сол себепті Назарбаевтың билік заманында Назарбаев бір Кенесарының бассүйегі емес, осы бүгінгі мемлекеттің ірге тасын қалап, оның шекарасын белгілеп, оны 2,5 жылдай тұңғыш президент ретінде басқарған Алихан Бөкейханды 2016 жылы туғанына 150 жыл болған мерейтойын ЮНЕСКО аясында тойлатуға түбегейлі қарсы болды.
Сол себепті бюджеттен сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтың аузымен 2015-2017 жылдардағы үш жылдық бюджетте Алиханның мерейтойын тойлауға қаржы қарастырылмаған деп құтылды. Байқасаңыз, биыл Назарбаевтың биліктен кеткеніне тура 5 жыл толып отырса, сол 5 жылдан бері Назарбаевтың Алаш тақырыбына, Кенесарыға деген көзқарасына әлі екпінмен келе жатыр. Сол себепті ҚР жаңа астанасы - Астана қаласында Алаш қайраткерлерінің біріне лайықты ескерткіш орнатылған жоқ", - дейді Сұлтанхан Аққұлы.