Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекаралық өткізу пункттері туралы келісімге енгізілген өзгерістерді ратификациялады, деп хабарлайды Dala News.
Құжатқа сәйкес, «Кеген-автожолдық» (Қазақстан) – «Қарқара-автожолдық» (Қырғызстан) өткізу бекетінің жұмыс уақыты енді «күндізгі режимнен» «тәулік бойына» ауыстырылады. Бұған дейін бекет тек жарық уақытта ғана қызмет көрсетіп келген.
Бұл шешім екі ел арасындағы шекаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тауар айналымын арттыруға және туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Әсіресе Қарқара жайлағы бағыты бойынша жүретін туристер мен кәсіпкерлер үшін қозғалыс әлдеқайда ыңғайлы болмақ.
Айта кетейік, Қырғызстанмен шекарада жалпы 12 өткізу бекеті бар. Оның сегізі көпжақты, төртеуі екіжақты режимде жұмыс істейді. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара халықаралық құқық нормаларына толық сай рәсімделген.
