Кедейшілікпен күрес: Француз даму агенттігі тобы Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат алды

Кәмшат Тілеухан 24 қаз. 2024 10:23 1321

Мәжіліс Қазақстан мен Франция үкіметтері арасындағы Француз даму агенттігі тобының (ФДА) Қазақстан Республикасында жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Парламенті Мәжілісі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда Француз даму агенттігі тобы үшін құқықтық, салықтық және қаржылық жағдайлар қарастырылады.

"Агенттіктің барлық қызметкерлері салық салымынан босатылады. Енді борышкерлік операциялар ағымдағы заңнама шеңберінде қаралатын болады", делінген хабарламада.

Француз даму агенттігі тобы қаражатты еуро, АҚШ доллары немесе кез келген басқа валютада, өзінің мәртебесіне сәйкес қаржылық немесе техникалық жәрдемдесудің кез келген нысанын ұсынуға, мемлекеттік немесе жеке құрылымдарға консультациялық қызметтер, техникалық жәрдемдесу және оқыту қызметтерін ұсынуға құқылы. Оның Қазақстанда өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті құқық қабілеттілігі болады және шетелдік заңды тұлғалардың жеке меншігінде болуға тыйым салынған жерлерді қоспағанда, жылжымалы-жылжымайтын мүлікті иелене және оған билік ете алады, сондай-ақ сотқа жүгіне алады.

Келісім Француз даму агенттігі тобын өз қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасында корпоративтік табыс салығын төлеуден (төлем көзінен ұсталатын салық төлеуді қоса алғанда) босатуды көздейді. Ол келісімде көрсетілген қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстанда өкілдік ашуға және ұстауға құқылы.

Француз даму агенттігі тобы мен оның өкілдігі банк немесе басқа қаржы институты мәртебесіне ие болмайды, сондықтан жергілікті банктік ережелерге бағынбайды.

Айта кетсек, Француз даму агенттігі дамушы елдерге көмек берумен айналысады және қазірге дейін әлемнің 80-нен астам елінде жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, 60 жергілікті өкілдігі құрылған. Топтың негізгі қызметтеріне кедейлікпен күрес жүргізу, бұл мақсатта мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындарға грант, ұзақмерзімді несие, кепілдіктер берумен айналысады. Топ құрамына PROPARCO және Expertise France сынды франциялық компаниялар кіреді.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар