Алимент бойынша борышкерлер қылмыстық жауаптылыққа тартылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың алимент алу құқығын қорғау жөнінде белсенді жұмысты жалғастырып жатыр.
Басым бағыттардың бірі - құмар ойындардан, букмекерлік кеңселерден, интернет платформалардан (Яндекс Такси, InDriver) және электрон әмияндардан (Simply) алынған кірістерін жасырып қалатын төлеушілердің міндеттемелерді орындауын қадағалау.
Прокуратура алимент бойынша 1 741 757 теңге қарызы бар, казинодан 4 миллион теңгеден аса ұтыс алған, бірақ үш айдан аса уақыт бойы міндеттемелерін орындаудан қасақана жалтарған борышкерді анықтады.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен ол ҚР ҚК-нің 139-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.
Тағы бір борышкерге қатысты осыған ұқсас заңбұзушылық анықталды, ол ресми жұмыспен қамтылуына және 3 099 255 теңге мөлшеріндегі берешегі барына қарамастан алимент төлемеген.
Сот оны кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Қала прокуратурасының бастамасымен алимент төлеуден қасақана жалтару фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оның 11-іне айыптау үкімі шығып, аяқталды.
Алматы прокуратурасы кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу міндеті ата-аналарға жүктелгенін еске салады.
Алимент төлеуден жалтару әкімшілік (ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы) және қылмыстық (ҚР ҚК-нің 139-бабы) жауаптылыққа әкеп соғады.