«Казцинк» Риддер қалалық ауруханасы үшін заманауи жабдықтар сатып алды

Dalanews 10 қаз. 2024 10:08 1479

Өңірдің ірі компаниясы ШҚО әкімдігімен ынтымақтастық туралы меморандум аясында денсаулық сақтау ұйымына медициналық техника сатып алуды қаржыландырды. Риддер ауруханасында заманауи видеогастроскоп, бейнеколоноскоп, анестезия және тыныс алу аппараты және мұрынға арналған тыныс алу аппараты сияқты құралдар пайда болды. Бұл жабдыққа жұмсалған шығындардың жалпы сомасы шамамен 100 млн теңгені құрады,- деп хабарлайды Dalanews.kz Altainews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ең қызығы, медициналық техниканы сатып алу туралы ұсыныс риддерліктердің тарапынан түскен. Олар 2023 жылы ұйымдастырылған «Арман қала» әлеуметтік акциясы аясында қажетті жабдықтардың тізімін берген. «Казцинк» барлық ұсыныстардың толық тізбесін жасап, оларды депутаттармен және облыс әкімдігімен талқылап, бірінші кезекте сатып алатын аспаптарды анықтайды. Құралдардың бір бөлігі ағымдағы жылы іске асыру үшін бірлескен меморандумға енгізілді.

–Бүгінгі техникалық жаңарту бірден үш тараптың: біздің компаниямыздың, Риддер тұрғындары мен мемлекеттің ынтымақтастығының жарқын мысалы. Биыл біз облыстық әкімдікпен 1,5 млрд теңгенің ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. Бүгінгі оқиға меморандумда көрсетілген жобалардың жүзеге асуының бір кезеңі. Енді қала тұрғындарына ең заманауи деңгейде қосымша тексеру және емдеу түрлері жүргізіледі. Ең маңыздысы  қала тұрғындарының пікірін ескердік. Біз қаланы дамытудың ең сұранысқа ие бағыттарына назар аударуға тырысамыз. Риддер біз үшін өте маңызды және оны қолдау корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің өте өзекті бағыттарының бірі болып табылады, – деп түсіндірді «Казцинк» компаниясының  әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев Казцинк сияқты алпауыт кәсіпорынның қалалықтар үшін көптеген игі бастамаларды жүзеге асырып отырғанын айтты.

– Біздің қалада 6800 адам осы компанияда жұмыс істейді. Облыстық деңгейде қол қойылған меморандумда Риддер қаласына қатысты жеке жобалар болды. Соның нәтижесінде медициналық жабдықтарға қол жеткізілді. Мемлекет тарапынан заманауи аурухана салынып жатыр. Оны келесі жылы пайдалануға береміз, – деді сеніммен  Думан Рахметқалиев.

Ауруханаға алынған жаңа құралдармен қазірдің өзінде бірнеше науқас тексерілді. Аурухананың хирург дәрігері,  эндоскопист Мұхит Халықов видеожүйе сияқты құралдың басқа аудандарда жоқ екенін мақтанышпен айтады.

– Бұл құралды біз көптен армандаған едік. Әріптестерімізбен хабарласып отырамыз, мұндай аспап аудандық ауруханалардың бірінде жоқ. Бейнежүйе гастроскоп және колоноскоптан тұрады. Гастроскоппен асқазан-ішек жолдарын, өңешті тексерсек, бейнеколоноскопия ішектердегі дертті анықтайды. Аспаптар мөлшері 0,5 мм аспайтын ісіктерді де көреді, обырдың алдыңғы сатысын, басқа да көптеген патологияларды  анықтайды, барлығы мониторға шығып тұрады. Тағы бір артықшылығы, пациенттің қалауымен тексеру қорытындысын флешкаға жазып бере аламыз, – дейді эндоскопист дәрігер Мұхит Халықов.

Дәрігердің айтуынша, қазірдің өзінде екі науқастың асқазаны, тағы екі пациенттің ішектері тексерілген. Айтпақшы, өткен жылдан бастап колоноскопия наркоздың көмегімен жасалады.

Риддерлік дәрігерлердің қуанышына айналған екінші аспап – «Mindray» наркозды-тыныс алу, өкпені жасанды желдету аппараты, аурухана үшін өте қажет аспаптардың бірі.  Оның ерекшеліктері туралы бізге анестезиология-реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Марал Төлеубайқызы айтып берді.

– Өте сапалы әрі қолданыста ыңғайлы. Біз  оны перзентхананың операция блогында, босанатын әйелдерге кесер тілігін жасаған кезде қолданатын боламыз. Бұрыңғы құралдардан көп артықшылығы бар, мысалы, келетін ауаны жұмсартып, ылғалдандырып, анестетикті мөлшерлеп жібереді. Пациенттің салмағы мен бойын енгізіп, оған қанша мөлшерде ауа мен анестетиктің қажеттігін өзі есептеп береді. Науқасты аппараттан алып тастағанда ол өздігімен демалуға тез бейімделеді, – деп түсіндірді анестезиология-реанимация бөлімшесінің меңгерушісі.
Аурухананың бас дәрігері Гүлнар Кітаппаева аталмыш компаниямен ұзақ жылдар жұмыс істеп келе жатқандарын айтты.

– Әрине, біздің барлық өтініштерімізді қанағаттандыру мүмкін емес. Алайда Казцинк соның көп бөлігін өз мойнына алып келеді. Жыл сайын жаңа медициналық құрал-жабдықтарға қол жеткізіп отырмыз. Мен өзім осы қалада туып-өстім. Қазір жастар келіп жатыр.  Алынған заманауи аппараттардың көмегімен тұрғындарға сапалы әрі білікті медициналық қызмет көрсетеміз. Бірден диагностика жасап, емдеу процедураларын жасауға болады. Сол үшін де компания басшылығына алғысымыз шексіз, - деген ризашылығын білдірді бас дәрігер.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар